Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев моңғолиялық бүркітші қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті. Жиында Айшолпанға Қазақстанда білімін жетілдіру мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Министрмен өткен жиында "Білім жəне инновация" халықаралық қорының президенті Дархан Өте Айшолпанға білім беруге қатысты жаңалығымен бөлісті.
«Біз Айшолпанды елордадағы халықаралық "Спектрум" мектебінде екі жыл академиялық деңгейі және тілдік жағынан дайындамақпыз. Біздің мақсатымыз - өзі шақырту алған Оксфорд жəне Гарвард білім ордаларын дайындап, сол жаққа оқуға түсіру. Биыл қыркүйектен бастап Айшолпанды екі жыл бойы жан - жақты дайындаймыз. Соған біз Білім жəне инновация қоры атынан 20 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөліп отырмыз. Негізі бір жыл жетеді. Бірақ, Айшолпан өзі екі жыл дайындалғым келеді деген соң біз келістік. Айшолпан қалаған университетіне түсе алады. Тек қана тілдік деңгейі мен академиялық қабілетін арттыру керек. Ата - анасы келісіп отыр», - деді Дархан Өте.
Министр Ерлан Сағадиев бұл ұсынысты қолдап, өзінің де Гарвард университетінде оқығанын айтты. Сағадиев Гарвард сияқты шетелдік оқу орнына мықты дайындық керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, министр Айшолпанға Қазақстанның да кез - келген оқу орнына түсуге көмектесетінін айтты.
Жиын соңында Білім министрі Айшолпан мен анасына сый-сияпат жасады.
Атап өтсек, бұл 17 жастағы бүркітші қыздың Қазақстанға алғашқы сапары.
Естеріңізде болса, 2014 жылы ағылшынның "Daily Mail" басылымы құсбегілік өнерін игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, Айшолпанды бүкіл әлемге танымал етті. Осыдан кейін режиссер Отто Белл "Бүркітші қыз" (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірді. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына да енді.