Жамбыл облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан, өңірімізде Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Жамбыл облысының инсвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ ұйытқы болуымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекетік бағдарламасы аясында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда деп хабарлайды zakon.kz.
Мәселен, қазірдің өзінде 7 ауылдық кітапхананың базасында осындай орталықтар құрылды. Ал қыркүйек айының соңына дейін 30 орталық тұрғындарға қызмет көрсететін болмақ. Биыл оның санын 60-қа жеткізу жоспарланып отыр. Ал келер жылы облысымыздағы барлық 288 кітапхана толық қамтылмақ.
Айта кетейік, әрбір орталық компьютермен және интернет желісімен жабдықталған. Яғни, орталық мамандары тұрғындарға Еgov.kz электрондық үкіметі арқылы қажетті құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты кеңес беретін болады. Ал жыл соңына қарай несие, тұқым алуға, сонымен қатар, ұл-қызын ЖОО, колледжге, түсіру үшін қандай құжаттар жіберу керектігі жайлы да ақпарат бере алады. Бұл алыс ауылдардағы ағайын аудан орталығына барып, уақыт жоғалтпайды деген сөз.
Сондай-ақ, цифрландырылған орталықта жұмыс істейтін (кітапханашы) маманның біліктілігін арттыру мақсатында «Жамбыл облысының инсвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ-де түрлі оқыту семинарлары өтеді. Біліктілігін жетілдірген қызметкер облыстық басқарма мамандары мен бірлесіп, өзі жұмыс жасайтын ауданда немесе ауылда тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар, «Телеграм» әлеуметтік желісінде арнайы парақша ашылып, цифрландырылған ақпараттық орталықтың барлық жұмысшылары және облыстық басқармалардың бір-бір өкілдері қосылады. Ондағы мақсат – егер, маман сан түрлі салаға қатысты қойылған сұраққа жауап бере алмайтындай болып жатса, «Телеграмда» ашылған чатқа жазып, тез арада қажетті ақпарды бере алады.