Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында адам мен оның құндылығы мәселесі алға қойылып, өскелең ұрпаққа акцент жасалған деп санайды Қырғызстанның танымал саяси және қоғам қайраткері Тоқтайым Үметәлиева, деп жазады «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Денсаулық, білім, мәдениет және спортқа, өскелең ұрпаққа көңіл бөлмейтін мемлекеттің болашағы жоқ. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Жолдауында адам, отбасылық құндылықтар, әр азаматтың әл-ауқатын жақсартуға ерекше ден қойғаны өте маңызды. Әлеуметтік сектор көтерілмей, ел экономикасын дамыту мүмкін емес», - деп санайды Т.Үметәлиева.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан Президентінің Жолдауы - бұл үлкен еңбек. Онда бірнеше маңызды стратегиялық сәттерді белгілеп өтуге болады.
«Құжатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғындардың өмірін жақсартуға көп көңіл бөлінген. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ұнады. Аймақтарды дамыту, әсіресе тұрғындарды медициналық жағынан қолдауды дамытуға көңіл бөлінгені маңызды. Ауыл шаруашылығы мен жергілікті өндірушілерді қолдау шаралары туралы қызығып оқыдым. Бұл өте маңызды деп санаймын, себебі Қазақстан зор әлеуеті бола тұрып, ауылшаруашылық мүмкіндіктерін толық көлемде пайдаланып отырған жоқ. Жағдай өзгерсе, тамаша болар еді. Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында әлеуметтік секторды нақты бөліп өтіп, өскелең ұрпаққа өзгеше мән берді. Бұдан басқа, тағы бір сәтті атап өтейін, ол - жаңа технологияларға көңіл бөлу. Бүкіл Орталық Азия үшін Қазақстан инновациялық технологияларды енгізу және құрылысты кеңейтудің локомотиві болып қалып отыр. Өткен жылы мен ЕХРО халықаралық көрмесіне бардым, Астананың футуристік ғимараттарын көріп, басқа әлемде болғандай әсерге бөленді. Әлі ерекше сезімде жүрмін», - деп бөлісті пікірімен сарапшы.
Еске сала кетейік, 5 қазан күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен болатын.