Бекболат Тілеухан көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бүгінде ол ел демографиясына үлес қосуды басты парызы санайды. Қоғам қайраткерінің бірнеше әйелі бар екені ешкімге де жасырын емес. Десе де, Бекболат Тілеухан осы уақытқа дейін жұбайларын да, балаларын да халықтан жасырып келді, деп жазады Stan.kz тілшісі.
Бекболат Тілеуханның 14 перзенті бар. Көпшілік көпбалалы әкеге қайран қалып қарағанымен, Тілеуханның өзі мұны көп санамайды. Қайта қалада тұрып, осымен шектеліп қалғанын айтады. Бұл туралы қоғам қайраткері Ұлттық арнаның “Түнгі студия” бағдарламасында айтты.
“Біз асыраймыз деп ойлаймыз. Бірақ баланы асырамақ түгілі, қара басыңды алып жүріп ал. Құдай бермесе, кешке жейтін тамағыңды да таба алмай қаласың. Қазақ айтады, бір қозы туса, жусанның басы айыр шығады дейді. Ол – бір. Екіншіден, әке-шешем 1943 жылы үйленіпті. Соғыс кезі, той да жасамаған. Қойдың сүр саны мен бидайды қуырып, елге таратып берді. Елдің батасын алды. Шешем 14 құрсақ көтеріпті, соның 10-ы бертінге дейін тірі болды. Сонда ешбірімізге де пәтер не көлік алып берген жоқ.
Олар бізге жақсылап тәрбие берді. Бізге балық емес, қолымызға қармақ берді. Сол сияқты балалардың тәрбиесі жақсы болса, Алла қабілет берсе, дендері сау болса, ең басты нәрсе – сен тәрбие бересің. Өмірде жетістікке жетіп жатқан адамдарға қарасаңыз, ешқайсысын әке-шешесі жетектеп топқа қосқан жоқ. Алла Тағала санасына береді. Сондықтан ол нәрседен қорқуға болмайды. Шешемнің қалдырған өсиеті, әкемнің көрсеткен үлгісі осы. Осынша кең далаға сиыр жаймаймыз, адаммен толтыру керек. Қаланың жағдайында мүмкіндігіміз осы болып, 14-пен шектеліп қалдық”, – дейді ол.
Бекболат Тілеухан 14 баласының есімдерін шатастырмайтынына сенімді. Тіпті, әр перзентінің дүниеге келген күні мен уақытын нақты айтып бере алады екен. Алайда тіл мен көзден сақтанатын ол осы уақытқа дейін перзенттерін көрсетпек түгілі, есімдерін ешкімге айтпапты. Бұл жолы белгілі әнші балаларының есімдерін жария етті:
Нұрмұхаммед, Нұрдаулет, Зейнеп, Ажар, Дәнел, Медина, Сафия, Жамал, Абулхамит, Абдулла, Әбдірахман, Ахмет, Әбдісабыр, Махмұт.