Қала күніне орай Таразда облыс әкімдігі ғимаратының алдында жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
Тарих пен дастанға, шежіре мен аңызға толы, тоғыз жолдың торабын тоғыстырған киелі Тараз өлкесінен талай дарын иелері шыққан. Солардың бірі де бірегейі – Жамбыл Жабаев. Облыстың есімін еншілеп жатқан жыр алыбына арналған ескерткіштің қаланың ең бір маңызды, көрнекті жерінен бой көтеруі тағылымды іс. Өйткені, облыс әкімдігінің ғимараты өңірімізге келген әрбір қонақтың, шетелдіктердің негізгі бетке алатын нысандарының бірі. Ал, осы жерден исі қазаққа ортақ алып ақынның еңселі ескерткіші тұрса келушілер мен көрушілерге әдемі әсер сыйлап қана қоймай, өңірдің әдебиеті мен өнегелі өткенінен сыр шертетіні сөзсіз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында "Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй¬лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана"-деп атап өтті.
"Туған жер" жобасы аясындағы "Рухани қазына" бағдарламасы бойынша Тараз қаласының орталығынан орын алған, Жамбыл Жабаев ескерткішін ашуға облыстық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы және ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы қатысты. Олар өз сөздерінде Жамбыл – қазақтын ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрінің XX ғасырдағы туын биікке көтерген ұлы жырау екендігін айтып, еңселі ескерткіштің облыс орталығынан орын алғаны ғибратты іс болғанын жеткізді.