Жұқа мұз ойылып түсіп, балықшы суға кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл Глубокое ауданында болған. Верхберезовка ауылының 71 жастағы тұрғыны Водохлебка өзенінен балық аулауға барған. Жұқа мұз адам салмағын көтере алмай ойылған. Балықшы суға түсіп кеткен. Жағалаудан 10 метр қашық өзеннің ортасы екен.
– Мұз қалыңдаған жоқ. Сондықтан суға батқан адамның денесін алып шығуда біраз қиындықтар туындады. Үшиінді сатының көмегімен адам денесін алып шықтық, – деді құтқарушы Руслан Баяубаев.
Облыстық төтенше жағдай департамменті басшылығы халықты мұз үстіне балық аулауға шықпауға шақыруда. Қазіргі уақытта мұздың қалыңдығы 3-5 сантиметр ғана. Ал ол адамды көтеріп тұра алуы үшін жоқ дегенде 10 сантиметр болуы керек.
Айта кетейік, мұздың мықтылығын сыртынан қарап білуге де болады. Егер оның түсі мөп-мөлдір көк және жасылдау реңкте болса, онда мықты, бекем деген сөз. Ал мұз ақшылдау немесе сұрғылт болса, әлсіз деп білгейсіз. Құтқарушылар солай дейді.
Сондай-ақ құтқарушылар мұз астында адам 10-15 минуттан артық шыдай алмайтындығын айтады. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, қолыңызды барынша көкке сермеп, мұз шетінен ұстауға тырысыңыз. Мүмкіндік болса, шөп қалың бетке қарай қимылдаңыз, сонда ағын су алып кетпейді. Сосын мұздың ернеуін бұзып алмай, баяу ғана қимылдап жоғары тартылып, аяғыңызды мұз үстіне артыңыз. Сосын келген жағыңызға қарай жер бауырлап жылжыңыз.