Жалпы жыл сайын өзге елдерден 300-ден астам фильм әкелінеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. Бұл туралы zakon.kz, Хабар 24 арнасы жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы барысында «Кинематография» туралы заң жобасы қаралып, саладағы өзекті мәселелер талқыға түсті. Жаңа заң жобасы бойынша шетелдік фильмдерді қазақ тіліне аударудың үш нұсқасы ұсынылып отыр. Дубляждау, субтитрлеу немесе кадрдан тыс аударма жасау керек дейді, министрдің орынбасары. Мұндай тәжірибе АҚШ және Қытай елдерінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар отандық киноны қолдау әрі дамыту бағытында да өзгерістер енгізілмек. Айталық, ұлттық фильмдер прайм-тайм уақытында көрсетілетін болса, кинотеатрлар қосымша құн салығынан босатылады. Ал бұл бағыттағы жобалардың жүзеге асуын қадағалау мақсатында Ұлттық киноны қолдау орталығын құру жоспарланып отыр.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары: - Бүгінде мемлекеттік қолдау құралдарының негізгі алушысы – мемлекеттік қаражатты бөлу үшін ерекше функцияларды орындайтын «Қазақфильм» киностудиясы саналады. Субъективті бағалауды болдырмау үшін киножобалар сараптамалық кеңестің іріктеуі және ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияда қарау арқылы сүзгілеуден өтетін болады. Бүкіл әлемде қабылданғандай, «Қазақфильм» кинофабрика ретінде жұмыс істей береді.