Бүгін Таразда үш күнге жалғасатын “Ancient Taraz – 2018” xалықаралық туристік форумы және “Көне Тараз шеберлері” атты қолөнершілердің xалықаралық көрмесі басталды, – деп хабарлайды Zakon.kz, “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
Аталған шара Жамбыл облысының туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.
Форум аясында арнайы пресс-конференция және форумның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, қала әкімінің таныстыруымен жаңадан бой көтерген 15 мөлтек ауданы мен "Шахристан" орталығының жобасы таныстырылды.
Шаһар басшысының сөзінше, бүгінде облыста "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 15 шағын аудан тұрғызылды. Алқапта 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салынады. Жаңа-мәдени іскерлік орталықтың жер аумағы 362 гектар, 30 мыңнан астам халық тұрады деп күтілуде. Жаңа шағын ауданның орталық құрылысына 32,8 млрд. теңге инвестиция тарту көзделуде. Жоспарға сәйкес, "Тәуелсіздік" монументі, “Неке қию” сарайы, “Конгресс-холл”, атлетикалық және гимнастикалық манеждер, Халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН), спорт кешенін салу қарастырылған. Бұдан бөлек, сол аумақта коммерциялық нысандар, оның ішінде мұз айдыны, қабылдау үйі, қаржы орталығын орналастыру жоспарлануда. Тартылған инвестиция есебінен 12 білім беру мекемелері, (6 балабақша, 4 ОМ,1, бастауыш мектеп, балаларды дамыту орталығы) 2 емхана, 850 орынға арналған орта техникалық-инновациялық білім паркі салынады. Шағын аудан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Бюджеттен бөлінген 6 525,5 млн. теңге ауыз су, кәріз, газ, электр және жылу желілерін тартуға бөлінген. Аудандағы 10 үйді жылуға қосу үшін 103,5 млн. теңгеге жылыту модулі орнатылуда.
Сондай-ақ, 2019 жылдың соңына дейін "Шахристан" этно-тарихи кешенінің құрылысы жүргізіледі. Бұл аумақта "Руханият" орталығының ғимараты, қолөнер галереясы, "Өлкетану" мұражайы, көркем сурет галереясы, көрме павильоны және "Ретро-фестиваль" амфитеатры бой көтеретін болады. "Көне Тараз" кешені маңындағы алаңында төрт жақтан сағат механизмдермен жабдықталған "Сағат" стелласы орнатылады. Төле би даңғылының бойымен "ТаразКожОбувь" ЖШС-нен бастап "Көне Тараз" тарихи кешеніне дейін скверде қала тұрғындарының серуен құруына арналып "Арбат" құрылысы жүргізілетін болады. "Арбат" бойымен сурет галереясын, қолөнершілердің туындыларын тамашалаған қала жұртшылығы “МАРТ” ойын-сауық орталығына келіп, демалыстарын жалғастыру мүмкіндігі туындайды. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының "Көне Тараз" тарихи кешені мен Тектұрмасты байланыстыратын аспалы көпір салу туралы идеясын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ғалымжан Әбдірайымов.
Шара барысында "Қазақстанда туризмді дамыту перспективалары" атты тақырып аясында пленарлық отырыс өтті. Онда салтанатты түрде ерекше туристік тартымды нысандардың тізіміне еңген "Ақыртас" сарай кешені мен "Айша бибі" кесенесіне арнайы сертификаттар табысталды.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың қараша айында Түркия елінің Анталия қаласында туристік тартымдылық және туризмді жоғары деңгейде тұрақты дамыту мәселелері бойынша халықаралық комитеттің кезекті сессиясы ұйымдастырылған болатын. Әлем таныған "Айша бибі" кесенесі мен "Ақыртас" сарай кешені ерекше туристік тартымды нысандардың тізіміне енді.
Айта кетейік, үш күнге созылатын форум аясында балалар арасында “Тараз – қолөнершілер қаласы” атты сурет байқауы және “Көне Тараз” деген атаумен жас қолөнершілер арасында сайыс өтеді деп күтілуде. Форумға келген барлық қатысушыларға Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандары: "Ақыртас" сарай кешені мен "Айша бибі", "Қарахан" кесенелеріне қорық-музей экскурсоводтары экскурсия жүргізетін болады.