Алматы облысының полицейлері баукеспе ұрылардан құралған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, демалыс күндері тәртіп сақшылары Еңбекшіқазақ ауданы аумағында жергілікті полицейлердің, облыстық Департаменттің және ҚР Ішкі істер министрлігі "Сұңқар" арнайы бөлімшесі жасағының қатысуымен арнайы жедел іс-шаралар өткізді. Іс-шара нәтижесінде Қайназар ауылындағы кезекті ұрлықтарынан кейін бойтасалауға тырысқан 4 ер адамнан құралған қылмыстық топ ұсталды.
"Күдіктілерді ұстау кезінде олардың автокөлігінен Қайназар ауылындағы үйден қолды болған заттар табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттар ішінде зергерлік бұйымдар, аңшы мылтығы, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшалар, сондай-ақ қылмыс жасауға пайдаланған бетперделер, қолғаптар мен құралдар бар. Тергеу барысында күдіктілердің бірі кісі өлімі мен ұрлық үшін екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылса, екіншісі әртүрлі қылмыстар үшін жеті рет сотты болып, өмірінің 20 жылға жуығын темір тордың арғы жағында өткізгені анықталды",- деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.
Ұсталған азаматтар 2018 жылдың күзінен бері облыс аумағында орын алған өзгенің мүлкін ұрлаудың көптеген деректеріне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Олардың қылмыстық әрекеттерінен зардап шегушілерге миллиондаған теңге материалдық шығын келтірілген. Қазіргі таңда қаскөйлердің Есік қаласы, Қайназар, Еңбек және Ават ауылдарында тіркелген 15 астам ұрлыққа қатысы бары дәлелденді.
"Бүгінгі күні тергеудің қажетті шаралары, яғни жауап алу, көрсетулер, қарау, ұрланған мүлікті іздеу және т.б. амалдары жүргізілді. Тергеу материалдарында бірнеше ұрлыққа қатысты айғақзаттар бар. Сондай-ақ, бұл істі тергеуге облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілдері мен тергеушілері қосылды. Облыстық полиция басшылығы осы ұрлық тобына қатысты істі қатаң бақылауына алды",- деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес (Ірi мөлшерде жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Екі күдіктіге қатысты мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттеме толтырылса, бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған екі күдікті Еңбекшіқазақ ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.