Алматының Алмалы аудандық соты алаяқтық жасады деген әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылы 30-қаңтар күні Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен Ордабаева Феруза Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.
Қазақстан Республикасы ҚК 58-бабының 6-бөлігіне сәйкес, осы үкім бойынша тағайындалған жазаға Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының 2016 жылғы үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып Ф. Ордабаева түпкілікті түрде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.
"ҚР "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" 2016 жылғы 13-желтоқсандағы Заңының 4-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, кесілген үкім жартысына дейін қысқартылып, оған түпкілікті түрде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сотталған Ф.Ордабаева жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.