ІІМ қызмет барысында қаза тапқан атыраулық полицейді есте қалдыру шараларын жүргізіп жатыр

ІІМ қаза болған батырлардың отбасын қараусыз қалдырмайды – министр Тургумбаев­.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде атыраулық полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті есте қалдыру шаралары полицияның барлық бөліністерінде жан-жақты жүргізілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Ол қызметтік борышын өтеу кезінде суға батып бара жатқан қызды құтқарам деп қаза тапқан еді.

Өңірлік полиция департаменттерінде патриоттық тәрбие сағаттары өткізілуде, соның аясында батыр туралы бейнероликтер түсіру жұмыстары ұйымдастырылып, қызметкерлер Шалқар Ақымғалиевке жыр жолдары мен музыкалық шығармаларын арнады.

Ш. Ақымғалиевтің отбасына материалдық көмек көрсетуді министр басты назарда ұстап отыр. Соған сәйкес, қапияда көз жұмған полиция сержантының отбасы Ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының қамқорлығына алынды.

Осы орайда айта кеткен жөн, Шалқар Ақымғалиев жасаған ерлігі үшін мемлекеттік наградаға ұсынылды.

Сонымен қатар, ІІМ орталық аппараты мен өңірлік Полиция департаменттері, қылмыстық-атқару жүйесі, құтқару қызметі және Ұлттық ұлан жауынгерлері Шалқардың отбасына материалдық қолдау көрсетуде.

Ішкі істер министрі және ІІМ өңірлік бөліністерінің басшылары қаза болған қызметкердің отбасына көңіл айту жедел хатын жолдады. Арнайы ашылған есеп-шотқа қызметкерлер ерікті түрде бүгінге дейін 29 миллион теңгеден астам қаржы аударды.

Ерлікпен көз жұмған қызметкерлердің отбасына өзге де көмектер алдағы уақытта да тұрақты жасалатын болады, – деп атап өтті ішкі істер министрі Ерлан Тургумбаев.

Орайы келгенде айта кетейік, биылғы жылғы 21 наурызда Атырау қаласында патрулдік экипаж құрамында жүрген полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден Жайық өзеніне секірген қыз жайлы хабарлама алған бойда ойланбастан мұзды суға қойып кетті. Сөйтіп қыздың өмірін ажалдан арашалап қалған еді. Алайда, өзі қатты ағынның ішінде арпалысып жүріп көз жұмды.

Шалқар Ағымғалиев 1994 жылы 1 сәуірде дүниеге келген. Атырау облысы Индер ауданының тумасы. Ол көп балалы отбасының жалғыз асыраушысы еді. Отбасын құрып үлгермеген. Полиция қатарында қызмет ақтарып жүргеніне 5 жылдан асқан.

Жалпы, Тәуелсіздік алған жылдардан бері 2264 полиция қызметкері қаза тапса, соның 785-і қызметтік борышын өтеу кезінде, 73-і қауіпті қылмыскерді ұстау операциясы барысында ерлікпен жан қиды. Сондай-ақ 2419 полиция қызметкері жарақаттанған. Соның ішінде 899-ы қылмыскерді ұстау барысында жараланды.

Ел-жұрты, ішкі істер органдары ержүрек батырларын әрдайым құрмет тұтады, рухына тағзым етеді. Олардың ерлік істері ешқашан ұмытылмады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: