Қазақстанда қазіргі таңда табиғи ресурстар, олардың жай-күйі және уақыт пен кеңістікте өзгеруі бойынша осындай бірыңғай ақпараттық-талдамалық базаны құруда біртұтас көзқарас жоқ. Бұл мәселені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Галина Баймаханова көтерііп, премьер-министрдің атына сұрау жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазіргі уақытта жер қойнауын және оның жай-күйін зерделеу саласындағы ұлттық деректер банкін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс априори қанағаттанарлықсыз орындалады. Оның басты себебі – қазіргі заманғы Қазақстанның кеңістіктік 3D моделін жасауға жауапты ғылым мен өндіріс салаларының ведомстволық бытыраңқылығы. Себебі, салалық белгісі бойынша геология ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде, геодезия және картография – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде, гидрометеорология және экология – ҚР Энергетика министрлігінде, ұлттық деректер банкін құру – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде. Бұл ретте, геологияны жер қойнауын пайдаланумен жаппай шатастырып жатады, бұл мүлдем дұрыс емес.
Жер қойнауын зерделеуде жаңа қағидаттар мен құқықтық нормаларды практикада қолдану мемлекеттен мынадай құрылымдық бөлімшелерді қазір жұмыс істеп жатқан министрліктерінің құрамынан шығарып, олардың бір мемлекеттік органда – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде толыққанды жұмыс істеуі үшін жағдай жасауды талап етеді:
1) өзінің қазіргі атауынан "және жер қойнауын пайдалану" деген сөздерді алып тастап, ҚР ИИДМ Геология комитеті және оның құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары;
2) Үкіметтің 2018 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен құрылған және Үкімет оны геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, жүйеге келтіру және беру жөніндегі Ұлттық оператор деп айқындаған ҚР ИИДМ "Қазгеоақпарат" РГАО" ЖШС және оның құрылымдық бөлімшелері;
3) ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті және оның құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары, әсіресе, "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" МК мен "Қазгидромет" РМК;
4) ҚР АШМ Геодезия және картография басқармасы және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары.
Осылайша, табиғи жүйелер мен жер қойнауы бойынша толыққанды ақпарат алуды қамтамасыз ететін барлық негізгі құрылымдық бөлімшелерді Қазақстанның цифрлық дамуы үшін жауапты бір мемлекеттік органға шоғырландырып, мемлекет өзінің құзыреттері мен функцияларын сапалы ақпараттық негізде жүзеге асыра алатын болады, бұл қазіргі заманғы даму кезеңінде өңірлердің және тұтастай алғанда, еліміздің антропогендік кеңістіктік жүйелерінің орнықты жұмыс істеуінің қажетті шарты болып табылады.