Ақша төлеуден қашқан жүргізушілер ауыл ішінің тас-талқанын шығарған

Жұрт билік өкілдері тез арада шара қолданбаса, жолды жауып тастаймыз деп отыр.

Алматы-Қапшағай ақылы жолымен жүру үшін ақша төлеуден қашқан жүргізушілердің әрекеті сол маңдағы ауыл жұртының ашуын туғызуда, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

100-200 теңгелерін шығармау үшін жүргізушілер жаппай ауыл ішімен өтетін болған. Алматы облысындағы Жаңаталап ауылы тұрғындары жүк көліктерінің ауыл ішіндегі жолды тас-талқан қылатын болды деп, наразылық білдірді.

Онсыз да ойдым-ойдым болған көшелермен бөтен көлік жүрмеу үшін жергілікті биліктен бір тосқауыл қоюын сұрап отыр.

Алматы-Қапшағай жолы ақылы болғалы Жаңаталап ауылы тұрғындарының мазасы қашқан. Себебі, содан бері елдімекен көшелерінде әрі-бері зулаған көлік көбейіпті. Әсіресе, жүк машиналары қаптап өтеді. Әрі олар күні-түні тоқтамайды дейді жұрт.

Наурызбай Сагенов, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

- Күнде 100 машина. Олар ақша төлемейміз деп осы Жаңаталаптың үстімен өтеді. Дөңгелектері жарылып адамдардың үйлеріне кіріп жатыр.

Содан бері ауылдағылар үшін тақтайдай тегіс жол да арман болды. Өйткені, қаптаған көлікке шыдас бермеген көшенің шұрық-тесігі шығып жатыр. Жұрт мектепке баратын бұғанасы қатпаған балалары үшін де қатты алаңдаймыз дейді. Олардың айтуынша, жүйткіген машиналар мұндағы белгіленген жылдамдыққа бағындайды екен.

Лилия Юрасова, Жаңа талап ауылының тұрғыны:

- Балаларымыз осы орталық жолмен мектепке барады. Олардың жағдайына алаңдаймын. Шұрық-тесікке құлап, машинаның астында қалмасына кім кепіл?!

100-200 теңгелерін қимай, ақылы жолдан қашып, ауыл ішіндегі тегін көшемен өтетіндерге ешкім тыйым сала алмай отыр. Ал әкімдіктегілер әзірге жағдайды тек бақылаумен отыр екен.

Дәулетхан Жетеуов, Байсерке ауылдық округының әкім орынбасары:

- Бұл облысқа қарайтын жол. Бұл мәселе біздің бақылауымызда тұр. Қазақстанның жері болғандықтан шлагбаум қойып, жауып тастамайсыз. Сол жерге камера қойып, инспекция қойып қалпына келтіреміз деп ойлаймын.

Ал, қараша халықтың талабы әрі-бері зулаған жүк көліктерінің бұл жермен жүруіне тосқауыл қою. Жұрт билік өкілдері тез арада шара қолданбаса, оны өзіміз жауып тастаймыз деп тарқасты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: