Рамазан айы – айлардың сұлтаны, бұл қасиетті ай. Рамазан айы арабтың Рамада деген сөзінен шыққан. Бұл сөз – күн қатты қызып, жердің бетіндегі дүниелерді күйдіріп жібереді ғой, соны арабтар рамада дейді. Мұсылмандар, біздің ғұламалар мұны түсіндіргенде неге рамада сөзінен шығып тұр дейді, себебі – рамазан айында адамның жаман қасиеттерінің бәрін, күнәларын күйдіріп, рамазан айы жоқ қылып жібереді дейді. Күл қылып жібереді. Сондықтан арабтар рамада сөзінен алып, осы айды Рамадан деп атаған дейді.
Демек, бұл айда біз тазарамыз
Бұл айда от алтынды басқа дүниелерден қалай тазартып, алтынның өзін қалдырған секілді, біздің күнәмізді, жаман қасиеттерімізді, жаман әдеттеріміздің барлығын рамазан айы өзінің құлшылығымен, өзінің оразасымен, өзінің басқа да сауапты істерімен тазартып, бізді сондай таза, Алла-Тағалланың сүйікті құлы қылып, сонымен қатар әдепті, иманды, тақуалы адам қылып тәрбиелейді. Міне, сондықтан Рамадан айы осылай Рамадан, Рамазан деп аталған.
Рамазан айындағы ең бірінші парыз болған құлшылық – ораза
Оразада таңның атысынан күннің батысына дейін, негізгі мұсылман адам үш дүниеден тыйылуы керек. Бірінші ішуден тыйылуы керек, екінші жеуден тыйылуы керек, үшінші өзінің әйелімен, не күйеуімен қатынастан тыйылуы керек. Күндізгі уақытта. Таңның атысынан күннің батысына дейін. Ал кешкі күн батқаннан кейін оның су ішуіне де, тамақ жеуіне де және қатынаста болуына рұқсат. Оразаны бізге Алла-Тағалла Құран-Кәрімде былай дейді. Сендерден алдыңғы елдерге, яғни мұсылмандардан бұрынғы болған Иса ғ.с., Мұса ғ.с., басқа да пайғамбарлардың үмбеттеріне ораза парыз болған секілді сендер де тақуа болуыңыз үшін дейді. Тақуалық деген не? Ол Алла-Тағалланың бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйылу дейді. Яғни, адалмен өмір сүреді адам, арамнан, жаман жолдан тыйылады. Міне, осы нағыз тақуалық.
Оразаның мақсаты – бізді осы тақуалыққа, ізгі қасиеттерге тәрбиелеу
Оразада адам тек қана ішіп-жемнен ғана тыйылатын болса, онда оның оразасының ешқандай сауабы қалмайды. Ораза диета секілді болмауы керек. Ішіп-жемнен тыйылу арқылы біз өзімізді ізгіліке тәрбиелейміз. Пайғамбар ғ.с. айтады, кімде-кім ораза ұстаған уақытта, егер ол жаман сөзден тыйылмайтын болса, ол ғайбаттан өзін тыймайтын болса, ол өзін күнә істерден тыймайтын болса – онда оның оразасынан тек қана ішіп жегені ғана қалады, басқа ештеңесі қалмайды дейді. Себебі, ораза оны тәрбиелеген жоқ. Оразада біз ең бірінші өзімізді Сабыр деген қасиетке тәрбиелеуіміз керек. Біз таңертеңнен кешке дейін оразамыз. Пайғамбар ғ.с. айтады, егер сенің аузың ораза болса, біреу сенімен ұрсысқысы келсе, төбелескісі келсе, келіп саған тиісетін болса, немесе сені келіп балағаттайтын болса – сен оған мен оразамын деп айт дейді. Сізді біреу келіп, балағаттап, мазақтап жатса – сіз сонда сабыр етесіз. Әдетте, оған сабыр ету қиын. Бірақ оразада олай етуге болмайды. Ораза – ең бірінші сабырға тәрбиелеу. Сосын ораза адамды мейірімге, қайырымдылыққа жанашырлыққа тәрбиелейді. Біздің Ислам қоғамының негізгі мақсаттарының бірі осы.
Мұсылман қоғам бір-біріне жанашыр болуы керек
Өзара мейірімді болу керек. Пайғамбар ғ.с. бір хадисінде айтады: мұсылмандар түгел бір дене секілді. Егер ол дененің бір мүшесі ауыратын болса, онда қалған мүшесінің бәрі сонымен бірге ауырып, ыстығы көтеріліп, ұйқыдан қалады. Мұсылман бір-біріне жанашыр, қамқор болуы керек. Қазір тісіміз, қолымыз, аяғымыз ауыратын болса – ұйықтай алмаймыз ғой. Демек, тіспен бірге қалған дененің бәрі ауырып жүр. Міне, момын мұсылмандар осылай болуы керек дейді. Біздің Исламның, мұсылман қоғамының негізгі ерекше қасиеттерінің бірі осы. Ораза осыған тәрбиелейді. Біз қарнымыз ашып, шөлдеу арқылы қарны күнделікті ашып жүретін, біз үзім нанға мұқтаж, жағдайы нашар отбасылардың жағдайын түсінеміз. Оларда күнде осылай жаны ауырады екен ғой. Осылай күнделікті қиналады екен ғой. Олар қиналмасын деп олардың жағдайын түсіне бастайсың. Сондықтан біз ораза кезінде 30 күн бойына аш адамның жағдайын түсінеміз. Шөлдеп жүрген адамның, жағдайы нашар отбасының жағдайын түсінеміз. Бізде оларға мейірім артады. Оларға қамқор болайық, оларға жанашыр болайық деген секілді сезім пайда болады көбірек.
Оразада пітір-садақа бар
Биыл ҚМДБ бекітуімен, бидай мен ұнның бағасын салыстыра отырып, пітір-садақа 300 теңге болып отыр. Пітір-садақа беру арқылы жағдайы төмен мен жағдайы жақсы адам арасында қарым-қатынас орнайды. Пітірді Ораза Айт күніне дейін береді, мерекені сезінуі үшін. Айттан кейін берілген пітір – пітір емес, жай сақада саналады.
Сосын ауызашар дастархандары бар. Кім де кім аузы берік адамның аузын аштыратын болса – онда ол сол оараза ұстаған адамның сауабындай сауап алады. Бұл шексіз сауал. Ол да оразада мұсылман қауымды бір-бірімен байланыстырады. Жағымды жағдай артсын, достық, бауырмалдық артсын деген мақсатта осындай сауапты бізге уәде беріп отыр. Сондықтан біздің мешіттердің жанында, Алматы қаласы бойынша, жалпы елімізде, басқа мұсылман елдерінде мешіттердің жанында, немесе мейрамханаларда, үйлерде ауызашар дастархандары көбейеді. Ауызашар дастархандарында кедейдің байға деген көре алмаушылығы болмайды, өйткені оған тағам беріп отыр.
Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқаев
Жазып алған - Айдын Олжаев