ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Шымкенттен сайланған сенатор Айгүл Қапбарова ант қабылады деп хабарлайды Zakon.kz.
- Депутат Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы Шымкент атынан сенатор боп сайланды. Айгүл Қапбарова - Қазақстанның оңтүстігінен келген қазақтың әдемі келіншегі. Ол бізге әйел адам жіберсе деген менің тілегімді қабыл алғандай. Әкімдік пен мәслихатқа (Шымкенттің) көп алғыс. Қызметте тек табыс тілейміз, - деді Палата спикері Дариға Назарбаева.
Одан соң Айгүл Қапбарова ант қабылады.
Назарбаеваның айтуынша, Шымкенттен жаңадан келген сенатор Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде жұмыс істеуге ниет білдіріпті.
Айгүл Жарылқасынқызы еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпанияның редактор-тілшісі болып бастаған. Одан кейін 2003-2011 жылдары "Оңтүстік Қазақстан" газетінің Саясат бөлімінің меңгерушісі, 2011-2012 жылдары "Шымкент Медиа" МКК директоры-бас редакторы болып істеді. 2012 жылдың наурыз айынан бүгінге дейін "Шымкент ақпарат орталығы" ЖШС директор-бас редакторы қызметін атқарды.