"Қуып кетті". Діндар күйеуінен ажырасқан алматылық келіншек ағынан жарылды

Қыз баланы 8-9 жасынан хиджапқа орап тастап, мектепке жібермейді - діни теріс ағымнан зардап шегуші әйел.

Алматыда деструктивті діни ағымның кесірінен 400-ден астам адам зардап шеккен. Бұл туралы қалалық Әлеуметтік даму басқармасы хабарлады. Бұл адамдар - дер кезінде кеңеске жүгініп, оңалту орталығынан көмек сұрағандар. Оларға психологиялық және заң жағынан жан-жақты көмек көрсетілді. Олардың арасында ажырасуына себеп діни танымы болған ерлі-зайыптылар да бар, деп хабарлайды Zakon.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Юлия бет-жүзін жасыруға мәжбүр. Ол өзінің бұрынғы күйеуі, екі баласымен болған бақытты күндерін еліте еске алады. Бірақ бір күнде оның күйеуі түбегейлі өзгеріп шыға келіпті. Сөйтсе ол дінге бет бұрып, онда да теріс ағымның жетегіне кеткенге ұқсайды. Ең біріншісінде, күйеуі Юлияның жұмыстан шығуын талап еткен. Ал үйде отырғанда, оған үйден шығуға тыйым салған. Содан соң қыздарына мектепке бармайсыңдар деп салыпты. Осы кезде Юлияның шыдамы да таусылыпты. Әрине, олар ажырасып тынған.

- Балалардың не жазығы бар? Екеуі де қыз. Оларды да дін жолына түсіріп, соның тәртібімен жүріп-тұруға мәжбүрлегісі келді. Иә, олар, әу бастан, қыз балаға оқып керегі жоқ дегенді айтады. Қыз баланың міндеті – күйеуге шығу, дүниеге бала әкелу. Онда да олар дін жолындағы ер адамға күйеуге шығуы керек екен. Білесіздер ме, 8-9 жасынан хиджапқа орап тастайды, мектепке жібермейді, - дейді ол.

Қазір Юлия балаларды толықтай өз қамқорлығына алу үшін бірталай құзырлы орынның табалдырығын тоздырып жүр. Ол қыздары әкесінің ықпалына түсіп қала ма деп қатты қорқады. Жақында ол Алматы әкімдігі жанындағы оңалту орталығынан көмек сұрап, қызметіне жүгінген.

- Иә, ол кісі бізден көмек сұрады. Ол ресми түрде күйеуімен ажырасқан. Алайда күйеуі балаларға таласып жатыр. Ол өзіне алғысы келеді балаларды. Мұндайда, ең қиыны, адамдар кімнен көмек сұрауды білмейді. Біз оған көмектестік, заңдық жағынан кеңестер бердік. Біз сотта ол әйелмен бірге жүреміз. Ол кісінің мәселесін шешіп беруге тырысамыз, - деді Алматы қоғамдық даму департаментінің басшысы Ерғали Қошеке.

Кеңес беру орталығы деструктивті діни ағымның жетегінде кетіп, адасқан жандарға барлық көмекті көрсетеді. Ол арада психологтар мен теологтар тегін кеңес беріп, өз ақылдарын айтады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: