ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Ыдырысов жұма күні Көкшетау ауруханасына арнайы ат бұрып, браконьерлер қолынан жараланған "Охотзоопром "ӨБ" РМҚК өңірлік филиалының инспекторы Самат Оспановтың халін сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауруханада министр өз қолымен Оспановқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған қызметі бабында ерен ерлігі және жанқиярлығы үшін ІІ дәрежелі "Айбын" орденін табыс етті. Сөйткен министр Президенттің және Қазақ елі атынан оның тез сауығып кетуін тіледі.
"Тез сауығып кетуіңе тілектестік білдіреміз. Өзіңіз секілді Отанына, өз ісіне жан-тәнімен берілген патриот адамдардың арқасында елімізде тыныштық орнап, даму үстіндеміз", - деп атап өтті Мырзағалиев.
Оспанов өзіне табыс етілген жоғары марапат үшін алғыс білдіріп, әріптесі Қаныш Нұртазиновтың отбасына қайғырып көңіл айтты. Сондай-ақ ол өзінің өмірі үшін күрескен дәрігерлерге де ризашылығын жеткізді.
Аурухананың дәрігерлері Оспановтың денсаулығы жақсарып келе жатқанын, оның бірнеше күннен кейін үйге босатылатынын айтты.
Айта кетсек, 23 шілдеде Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген инспекторлар киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде Қостанай облысына тиесілі ақ түсті "Нива" маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алған. Салдарынан Қаныш Нұртазинов Державинск ауруханасына жетпей көз жұмды.
Министрліктің хабарлауынша, жарақат алған екінші инспектор Самат Оспановқа Державинск аудандық ауруханасында ота жасалған.
24 шілдеде жедел іздестіру кезінде Ақмола облысы полиция департаментінің полициясы аңшылық шаруашылық қызметкерлеріне шабуыл жасаған күдіктілерді қолға түсірді. Олар Арқалық қаласында тұратын әкелі-балалы азаматтар болып шықты. 45 жастағы әкесі мен оның 20 жастағы ұлы қылмыстық айғақтарды жою үшін автокөліктен құтылмақ болған. Алайда тәртіп сақшыларының бірлесіп әрекет етуінің арқасында күдіктінің екеуі де Қостанай облысының аумағында ұсталды.
Бұл қайғылы оқиға фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, яғни «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.