Жаңатас қаласының 50 жылдығы аталып өтті

Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы ауыртпалық кеншілер шаһарына да оңай соққан жоқ.

Тәуелсіздік алғалы бері бірыңғай ауылшаруашылығымен айналысқан Жамбыл облысы Сарысу ауданы бүгінде аграрлы-өндірістік аймаққа айналған. Мал мен жерді қатар пайдаланған халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы көңіл қуантады.

Қазақстан химия өнеркәсібінің ең ірі нысандар – "Қаратау" және "ЕвроХим Жаңатас" тау-кен өңдеу кешендері жұмыс істейді. Бұл аймақта фосфордың мол қоры бар. Осы байлық сырттан көлемді инвестиция тартуға басты негіз. Бұл деген – игерілмей жатқан байлықты игеру, тың жобаларды жүзеге асыру, қосымша қаражат тарту және жұмыс көзін тарту.

Былтыр ғана ауданның 90 жылдығын атап, аудан көлемінде рухани жаңғыру аясында игілікті істер жүзеге асса, күні кеше қаланың 50 жылдығы аталып өтілді.

Сарысу ауданының жалпы аумағы — 31,3 мың км², халқының саны – 42 мыңға жуық. Ауданда 26 елдімекен, 9 ауылдық округ және 1 қала – аудан орталығы – Жаңатас қаласы бар.

Жаңатастың іргесі ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастады. 1969 жылы кентке, 1971 жылы қалаға айналды. Тоқсаныншы жылдары тоқырауға тап болған шағын шаһар бүгінде күн санап көркейіп келеді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында бірталай тірліктер атқарылып, қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы түзеліп, тіршілік қыза бастады.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар Жаңатас қаласында қазір 22 мыңнан аса халық бар. Ел арасында "Жаңа Париж" атанып кеткен қалада қираған үйлер тазаланып, жарамдысы жаңғыртудан өтіп, тұрғындар игілігіне берілуде. Тұрғындар ауыз суды тәулік бойы тұтытатындай мүмкіндікке ие болды. 2020 жылы қалаға көгілдір отын – табиғи газ кіргізілмек.

Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы ауыртпалық кеншілер шаһарына да оңай соққан жоқ.

Елбасының тікелей тапсырмасымен моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының қабылдануы қаланың тынысына тың серпін берді. Бүгінде аудан орталығы адам танымастай өзгерді. Осы тұрғыда өлкедегі өндірістің тигізген үлесі ұшан-теңіз десек қателеспеспіз.

Қазіргі таңда аудандағы іргелі кәсіпорын – "Қазфосфат" компаниясының филиалы "Қаратау" тау-кен өңдеу кешені мен "ЕуроХим" ЖШС қалыпты жұмыс істеуде. Қос кәсіпорын өңір экономикасының дамуына айрықша үлес қосып отыр.

Жаңатастың бас жоспарына сәйкес, "Оқушылар сарайы" салынып, жаңа үлгідегі "Шығыс базары" бой көтереді. Теміржол вокзалы мен автобекет жаңармақ.

Кезінде өндірісі өркендеп, 60 мыңдай халық қоныстанған Жаңатас қазір қайта даму жолына түсті. Инфрақұрылымнан бастап, қаланы абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, демалыс орындары мен саябақтарды жаңғырту, жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жандануда.

Осыдан 6 жыл бұрын республикадағы ең жас әкімдердің бірі болып Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек ауданды басқарғанда талай жаңа жобалардың ұйытқысы болып, бүгінде сол жобалардың игілігін көріп отырғанын аудан халқы жақсы біледі. Облыс орталығында басшылық қызмет атқарып, аудан тізгінін қайта қолға алған Қ.Мәдібектің бүгінде Сарысу халқы үшін атқарып жатқан еңбегі ерек.

"Жасыл" энергетиканы қарқынды дамытуға бет бұрған елімізде баламалы қуат көздерінен энергия жинау жолға қойылып келеді. Аталған баламалы көздерден қуат өндіру кешендерінің қатары тағы бір нысан – Жаңатас жел электр станциясымен толықпақ.

Шындығында күн өткен сайын шағын шаһардың шырайы кіріп келеді. Болашақта Жаңатас химиялық өндірісі дамыған, халқы еңбегімен танылған қалаға айналатынына сенім мол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: