"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді
Фото: Министерство просвещения РК
Атап айтқанда, конкурс өткізудің бірінші кезеңі туралы хабарландыру оны өткізу басталғанға дейін кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын бүкіл Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында білім беру саласындағы уәкілетті орган тарапынан жарияланады, министрліктің цифрлық жүйесінде, білім бөлімінде орналастырылады, сондай-ақ білім бөлімінің интернет-ресурсында жарияланады.
Конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін қатысушы министрліктің цифрлық жүйесі арқылы электрондық форматта мынадай құжаттарды (материалдарды) қоса бере отырып өтінім береді:
- оқыту тіліндегі портфолио;
- ұзақтығы жеті минуттық бейнесабақ (мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін), ұзақтығы 15 минуттық бейнесабақ (орта, арнаулы, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін), сабақтың (оқу іс-әрекетінің) жоспары қоса ұсынылады, сондай-ақ бейнероликке қойылатын талаптар мен техникалық шарттарға сәйкес ұзақтығы 5 минутқа дейінгі озық педагогикалық тәжірибені таныстыруға арналған бейнеролик;
- министрлік айқындайтын тақырып бойынша 500 сөзден аспайтын эссе.
Конкурстың бірінші кезеңінің қорытындылары министрліктің цифрлық жүйесінде орналастырылады және конкурс аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде аудан немесе қала аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Конкурстың екінші кезеңін өткізу туралы хабарландыруды облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармасы конкурс басталғанға дейін 30 күнтізбелік күн бұрын министрліктің цифрлық жүйесінде орналастырады.
Екінші кезеңнің өңірлік комиссиясы бірінші кезең жеңімпаздарының министрліктің цифрлық жүйесінде орналастырылған құжаттарын (материалдарын) қарайды.
Конкурстың екінші кезеңінің қорытындылары конкурс аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, сондай-ақ министрліктің цифрлық жүйесінде орналастырылады.
Конкурстың үшінші кезеңінің бірінші турында республикалық комиссия министрліктің цифрлық жүйесінде орналастырылған екінші кезең жеңімпаздарының материалдарын қарайды.
Конкурстың үшінші кезеңінің қорытындылары конкурс аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде министрліктің цифрлық жүйесінде орналастырылады, сондай-ақ министрліктің интернет-ресурсында жарияланады.
Даулы жағдайлар туындаған кезде апелляциялық комиссия өтінішті қарайтыны көзделген. Конкурсқа қатысушы конкурс нәтижелері жарияланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде министрліктің цифрлық жүйесі арқылы электрондық форматта апелляция бере алады.
Ғылыми-педагогикалық қызмет туралы ақпаратқа мыналар кіреді:
- педагогикалық тәжірибені жинақтау (авторлық бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешендер, оларға қатысты хаттамалардан үзінділер (бар болған жағдайда), педагог қатысқан семинарлар, конкурстар, дөңгелек үстелдер, фестивальдер, озық педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату);
- зерттеу қызметі (ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша жарияланған мақалалар, шығармашылық есептер туралы мәліметтер, ғылыми-практикалық конференциялардағы баяндамалар);
- білім беру және педагогикалық жобаларды іске асыру жөніндегі материалдар (бар болған жағдайда);
- педагогтің сараптамалық немесе жобалау қызметі, телевизиялық сабақтарды түсіруге қатысуы (сертификаттар, анықтамалар немесе бұйрықтар, телевизиялық сабаққа сілтеме, сараптамалық және жұмыс топтарына қатысқанын, телевизиялық сабақтарды түсіруге қатысқанын растайтын құжаттар);
- тәрбие жұмысы және сабақтан тыс қызмет бағыттары бойынша құжаттар (материалдар) ("Оқуға құштар мектеп" жобасы, "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасы, "Таза Қазақстан", "Заң және тәртіп" тұжырымдамалары, кәсіптік бағдар беру жұмысы, экологиялық, еңбек, адамгершілік тәрбиесі және ата-аналармен өзара іс-қимыл жөніндегі материалдар);
- соңғы үш жылдағы волонтерлік қызметі, қайырымдылық іс-шараларына қатысуы (интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде ақпаратты тұрақты жариялау, балаларды тегін оқыту – растайтын құжаттарды (материалдарды), министрліктің цифрлық жүйесіндегі сілтемелерді қоса беру).
Бұйрық 2026 жылғы 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.