"Үздік педагог" атағының иегері 3,5 миллион теңгеге жуық қаражат алады
Сыйақы тиісті қаржы жылына осы мақсаттарға білім беру саласындағы уәкілетті органға көзделген бюджет қаражаты есебінен төленеді және бір рет атақ иегерінің ағымдағы шотына аударылады.
Сыйақыны қалай алуға болады
Иегер сыйақы алу үшін конкурс нәтижелері жарияланған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қолма-қол немесе электронды форматта мынадай құжаттар ұсынады:
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- иегердің таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктерде ашылған ағымдағы шоттың нөмірі туралы мәліметтер.
Құжаттар толық және сенімді болған жағдайда, олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірмей сыйақы иегердің ағымдағы шотына аударылады.
"Үздік педагог" атағына байқау қашан және қалай өтеді
"Үздік педагог" атағын беру ережесіне сәйкес "Үздік педагог" атағы жыл сайын білім беру ұйымдарының педагогтарына конкурстық негізде беріледі.
Конкурсқа білім беру ұйымдарының штаттық оқытушысы болып саналатын және конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар білім беру ұйымдарының педагогтары қатысады.
Байқау жыл сайын үш кезеңде өткізіледі:
- I кезең – аудандық, қалалық (облыстық, республикалық маңызы бар қалалар) деңгей;
- II кезең – облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана) деңгей;
- III кезең – республикалық деңгей.
"Үздік педагог" атағы бір ұстазға он жылда бір реттен артық берілмейді.
Бұйрық 2023 жылғы 12 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.