Үкіметте мұғалімдердің зейнет жасын төмендету туралы қоғамның ұсынысы қолдау таппады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мәжіліс қабырғасында "Ұстаздың мәртебесі туралы" заң жобасы таныстырылымы кезінде айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
- Жекелеген нормаларға назарларыңызды бұрсам деймін. Бұл қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселелер, атап айтқанда, еңбек өтілі шырқау шегіне жеткен, яғни 30 жылдық еңбек өтілі бар адамды мерзімінен бұрын зейнетке шығару, денсаулықты қолдауға бөлінетін жәрдемақыны екі есеге арттыру, мұғалімдерге арналған жеңілдетілген ипотекалық несие, доцент пен профессор атағы барларға үстемеақы қосу, педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысын ұлғайту сынды ұсыныстар тиісті құзырлы органдар тарапынан бюджетке шамадан тыс ауыртпалық түсіреді деген себеппен қолдау таппады, - деді Білім және ғылым министрі.
Осы араға келгенде, депутат Ирина Смирнова министрден:
"Мұғалімдер 63 жас емес, одан ертерек зейнетке шығуын қалайды. Бұл мәселе Үкіметте қаралды ма. Расында,мұғалімдер еткен еңбегіне сай ерте зейнетке шыққысы келеді. Оларға заң жобасын дайындау кезінде жауап берілді. Ондай жағдайда зейнетақы көлемі тым мардымсыз болып белгіленеді деп. Оны да көрейік. Ерте шығарып көрсін", - деп сұрады.
Бұл сауалға жауабында Аймағамбетов қазір зейнетке ерте шығамын деген мұғалімдерге ғана емес, бүкіл қазақстандыққа ондай мүмкіндік берілгенін баса атап өтті.
- Зейнетақы жайына келетін болсақ. Бүгінде біздің қолданыстағы зейнетақы жүйесі мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік беретінін жақсы білесіз. Егер Сіз айтқандай қарастырсақ, мысалы біреу 20 жылдан кейін, тағы біреуі 35 жылдан кейін зейнетақыға шығамын десе, барлығына мүмкіндік беру дегеннің нормалары заңда қарастырылмаған, - деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін 30 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімдерді мерзімінен бұрын зейнетке шығару туралы қоғам тарапынан ұсыныс болған.