Жоғары шенді шенеунік, қазіргі Алматы облысы әкімінің орынбасары, бұрынғы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Бағдат Мәнізоров 25 қыркүйекте ұсталды. Алайда оның нақты қандай күдікпен ұсталғаны осы уақытқа дейін белгісіз болып келген, деп жазады "Время" басылымы.
Бағдат Мәнізоров өзінің еңбек жолын Талдықорған облысының Киров ауданында қой бағудан бастаған. Сосын әкімшілік жұмыстарға ауысты. Қазақстан Тәуелсіздік алғанда бизнеске кетті. Бірақ 90-шы жылдардың аяғында Бағдат Сайланбайұлы мемлекеттік қызметке қайта оралды: алдымен Алматы облысында аудан басқарды, одан кейін тағы бір аудан – ақыры Алматы қаласына көшіп келіп, жоғары лауазымдарда болды. 2019 жылдың жазында Мәнізоров туған жеріне оралып, Алматы облысы әкімінің орынбасары болды. Содан бері екі жарым ай өткенде уақытша қамау изоляторынан бірақ шықты.
Анықталғандай, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Мәнізоровты қалалық құрылыс бақылау басқармасында бастық болған тұсындағы тірліктері үшін ұстапты. Бұл істің Алматы облысының әкімдігімен еш байланысы жоқ деседі.
Редакцияның қолына түскен материалдарға сәйкес, іс былай болған: 2018 жылы құрылыс басқармасының сол кездегі бастығы Мәнізоровпен екі кәсіпкер – Ыбыраев пен Баймаханов дейтіндер жолығады. Ол екеуі 2014 жылы қазір атауы "Ғаламат" деп өзгерген бұрынғы "Жайлау" ықшамауданынан аумағы 1,8 гектар жер сатып алыпты. Наурызбай ауданы мен Бостандық ауданының шекарасындағы бұл аумақ – байлар тұратын аса қымбат жер. Мыңдаған қымбат үйлер салынған, кәдімгі қазақтың элитасы тұратын ықшамаудан.
Бірақ әлгі екі коммерсанттың алған жерінің пайдалану мақсаты коммерциялық екен, олар Мәнізоров арқылы оның мақсатын жеке тұрғын үй құрылысы деп өзгертіп алуды көздеген. Мәнізоровпен келіссөзге Әріпов деген делдал барады. Ана екі кәсіпкерге көмек керек, әрине, тегін емес дейді. Мәнізоров өзінің көмегі үшін 30 сотық жер беруді сұрайды. Кәсіпкерлер келіседі.
Сосын шенеунік сұраған 0,3 га жер оның қызы Әйгерім Мәнізорованың атына жазылады. Бұл тірлік 2018 жылдың қазан айында жасалған. Жер сатып алу туралы келісімді нотариус Әлия Тіленшиева рәсімдеген, қағаз бойынша сатып алушы сатышуға 7,2 млн теңге төлеген. Алайда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің дерегінше, "Ғаламат" ықшамаудандағы 30 сотық жердің нарықтық құны 300 млн теңгедей болады!
Бизнесмендер Мәнізоровтың уәдесінің орындалуын жарты жыл күтеді. 2019 жылдың мамыр айында Алматы әкімінің қаулысымен жер телімін пайдалану мақсаты өзгертілді, бірақ жердің иелері қалағандай жеке баспана құрылысы үшін емес, кемпинг салу үшін! Жердің бұл мақсаты да байлар үшін үй салуға рұқсат бермейді. Мәнізоровтың ұсталуына себеп осы болуы мүмкін. Мәнізоров қыркүйектің соңында Талдықорғаннан Алматыға келген кезінде ұсталды.
Ең қызығы: Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі ресми хабарлағандай, Бағдат Мәнізоровқа қатысты бұлтартпау шараларын қолдану туралы қағаз тергеу сотына түспеген. Ол аздай, ҚК 366-шы бабы (пара алу) деп қозғалған қылмыстық іс енді 190-шы бапқа (алаяқтық) өзгерілген. Бұл дегеніміз, тергеу Мәнізоровты жемқор емес, алаяқ деп танымақ. Мәнізоровтың көмекшісі растағандай, Бағдат Сайланбайұлы қазір изоляторда қамауда емес, ол емханада емделіп жатыр.