3 қазан, бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин М.Дулатов атындағы "№63 жалпы орта мектеп-лицейі" КММ-де ұйымдастырылған экологиялық сағат және ағаш отырғызу бойынша республикалық акцияға қатысты. Өңір басшысы алдымен Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасының оқушылары ұйымдастырған экологиялық көрмені тамашалады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жас биологтар келген қонақтарға өздерінің қорғауына алып, әрі оны терең зерттеп жүрген жан-жануарлар жайындағы ғылыми жұмыстарын түсіндіріп берді. Бұл балалардың қоршаған ортаны қорғау туралы білімі мен мәдениетін дамытуға көмектеседі.
Бұдан соң облыс басшысы жоғарғы сынып оқушыларының экология сабағына қатысты. Жеткіншектермен сұрақ-жауап түрінде шағын дәріс өткізіліп, олардың қоршаған орта жайында ой-пікірлерін тыңдады.
- Айналамыздағы табиғатқа жанашырлықпен қарау, ортақ үйіміз – Жер ананы аялау баршамызға парыз. Өз елін сүйетін азамат оның игілігі үшін аянбай еңбек етеді, болашағына бей-жай қарамайды. Туған өлке табиғатын, табиғи ресурстарын, өсімдік және жануарлар әлемін көзінің қарашығындай сақтайды. Осындай ахуал қалыптасатыру - баршамыздың басты міндеттеріміз екенін ешқашан естен шығармаған жөн, - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Экосағат барысында аймақ басшысы оқушылармен бірге мектеп ауласына жеміс ағашын отырғызды. Аталған мектеп ауласына республикалық акция негізінде 50түп жеміс ағашы егілді.
Экологиялық сағат және ағаш отырғызу республиалық акциясында облысымыздың барлық аудан мектептері белсенді ат салысты. Шараға 402 мектеп қатысып, 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды.
Айтып өтейік, Республика көлемінде алғаш рет жүзеге асырылған экосағатты – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры, Экологиялық ұйымдар қауымдастығының бірігіп жасаған бастамасы негізінде жүзеге асуда.