21 қазанда Нұр-Сұлтанда "Берекелі баспана" бағдарламасы бойынша жекешелендіруге жатпайтын жалдамалы тұрғын үйдің қалалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталады. Оған "Әлеуметтік жағынан осал", "Жетім балалар", "Көпбалалы отбасылар" санаты бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды Zakon.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, әлеуметтік осал топқа ІІ-дүниежүзілік соғыстың мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары; кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар; жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер; жетім балалар немесе ата-анасының қарауынсыз қалған азаматтар; толық емес отбасылар; І және ІІ-топтағы мүгедектер; оралмандар; экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдар жатқызылады.
Құжаттар 21 қазан мен 25 қазан аралығында қабылданады, кезекте тұрғандарға 3 және 4 бөлмелі 14 пәтер беріледі. Оның 3 пәтері (үш бөлмелі) жетім балаларға, 3 пәтері (төрт бөлмелі) көпбалалы отбасыларға, 8 пәтер (үш бөлмелі) әлеуметтік жағынан осал топтарға үлестіріледі. Бағдарламаның басты шарты оған қатысушылар "Әлеуметтік жағынан осал топтар", "Жетім балалар", "Көпбалалы отбасылар" санаты бойынша тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтардің тізімінде тұруы керек.
Құжаттарды қабылдау Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" КММ-де іске асырылады, ол келесі мекенжай бойынша орналасқан: Нұр-Сұлтан қаласы, Р. Қошқарбаев даңғылы, 39 (Қошқарбаев-Жұмабаев ауданы, "Барыс" ТК аялдамасы) Жұмыс уақыты сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін, үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.
Бағдарламаға өтінім беруші үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы керек:
1) өтініш;
2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
3) өтініш берушіні және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мекенжай анықтамасы;
4) неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы нотариат куәландырған өтініш;
5) өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;
6) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар.
Байланыс нөмірлері: 79-34-50, 24-84-67.