Өңірдегі барлық аудандар мен қалаларда жылыту маусымы 15-20 қазан аралығында басталды, Тараз қаласындағы бірқатар тұрғын үйлерге жылу 25-ші қазанға дейін толығымен берілетін болады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Аймақ басшысына облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров жылыту маусымының басталуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша қазіргі таңда әлеуметтік нысандар толығымен жылытуға қосылып аяқталуда. Ал, облыс бойынша барлығы 1593 көпқабатты тұрғын үй болса, бүгінде оның 1364-і жылытуға қосылып үлгерген. Бұл ретте аудандар жоспарды 100 пайыз орындаса, Тараз қаласындағы бірқатар үйлерде кешігулер жоқ емес.
Атап айтар болсақ, облыс орталығында барлығы 1298 көпқабатты тұрғын үй бар десек, қазіргі таңда 1069 тұрғын үй жылумен қамтылған. Қалған 130 үй ертең кешке дейін, 99 үй 25 қазанға дейін қосылып бітеді деп жоспарлануда. Бұл ретте басқарма басшысы оның себебін қаладағы магистралдық құбырлардың қайта жаңғырту жұмыстарының бекітілген кестеден кешігуінен деп түсіндірді. Осы орайда «М-2» жылу жүйесіндегі үлкен диаметрлі құбырлар Қарағанды қаласынан уақытылы жеткізілмегендіктен, аталған материалды Ресейден алдыруға мәжбүр болыпты.
Бүгінде жобаның құрылыс жұмыстары үш ауысымда жүргізілуде. Ондағы жұмыстардың бекітілген кестеден ауытқуына байланысты тиісті заңнама аясында қатысты мекемелерге шара қабылданып, мердігер "Корпорация Жилстрой-Тараз" ЖШС-не 5 миллион теңгеден астам айыппұл қаралған.
Сондай-ақ, жиында көппәтерлі тұрғын үйлерге жалпы есептегіш құралдарын орнату және ыстық су температурасын сақталу мәселелері де қозғалды. Асқар Исабекұлы аталған құралдарды орнатарда тұрғындар үшін барлық тиімділіктерге көңіл бөліп, бағасын барынша оңтайландырудың жолдарын қарастыруды тапсырды.