ENPF мобильді қосымшасында енді зейнетақы жарналарының түскені туралы Push-хабарландыру келе бастады, деп хабарлайды, Zakon.kz БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мобильді қосымшаны пайдаланушыларға міндетті және кәсіби міндетті жарналардың түскені сол мезетінде-ақ қысқаша хабар түрінде көрсетіледі.
Сонымен қатар, жаңартылған қосымшада қолданушылар үшін болашақ зейнетақысын есептеп беретін болжамды калькулятор, қажет кеңестерді беретін онлайн-бот қызметі пайда болды. Барлық қолданушылар туындаған кез-келген сұрақтарына жауап ала алады.
Мобильді қосымшаны Google Play немесе AppStore сервисінен жүктеп алуға болады. Әрбір қолданушы өз ыңғайына қарай мемлекеттік тілді немесе орыс тілін таңдай алады.
Жеке жинақ туралы бар ақпаратты көруге мүмкіндік беретін жеке кабинетке кіру үшін электрондық-сандық қолтаңба немесе кілтсөзді ЖСН пайдалануға болады. Кілтсөзді ЖСН енгізу жолымен жеке кабинетке кіргенде ақпаратты интернет арқылы алу әдісін таңдау міндетті. Ол үшін жеке куәлікпен БЖЗҚ кеңесіне бір рет келіп, қосымша келісімге қол қойып, enpf.kz сайтында тіркелу сияқты қарапайым процедура өткізу қажет.
Ал жарналардың түскені туралы push-хабарландыруды қосу үшін ENPF мобильді қосымшасына кіріп, баптау мәзірінде (push-хабарландыруды қосу/өшіру) функциясын таңдау керек.