Алматыда білім саласындағы жемқорлықты жою тақырыбы талқыланды

"Sanaly urpaq" жемқорлықсыз өмір сүріп көргісі келеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің "Sanaly urpaq" республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары мен қызметкерлеріне әдістемелік семинар өткізді.

Басқосуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кеңінен талданып, түсіндірілді. Сонымен қатар жемқорлық тәуекелдерін азайтудың жолдары қарастырылды. Жиын барысында Қайыржан Токушев жобалық кеңсенің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісіп, ұстаздарды қоғамның дертімен бірлесе күресуге шақырды.

– Бүгінде еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында "Sanaly urpaq" Жобалық кеңселері ашылуда. Ондағы мақсат не? Міндет қандай? Шындығын айту керек, білім беру саласы сыбайлас жемқорлық фактілері көптеп кездесетін саланың бірі. Осыған орай аталған саладағы олқылықты жою үшін қатаң шаралар қабылдау қажеттігі туындап отыр. Бүгінде еліміздің білім беру жүйесі арқылы жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікті жалпыға ортақ қалыптастырудың ең үздік тәжірибесі екенін және одан бас тарту ортасын енгізу қажеттігі кезек күттірмейтін мәселе екендігін ерекше атап өткім келеді, – деді Қайыржан Токушев.

"Sanaly urpaq" республикалық жобалық кеңсесі осы бағытта бірқатар талдау жұмыстарын жүргізіп, білім саласындағы кейбір проблемаларды, жемқорлыққа апарып соғатын жайттарды анықтаған. Қолға алынған шаралардың басым бөлігі қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін, білім беру ұйымдарының ашықтығын, академиялық адалдықты, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен ақпараттық қолдауды айқындауға серпін береді.

Жиын соңында педагогикалық оқу орнының ұжымы Қайыржан Токушевке сұрақтар қойып, сауалдарына толыққанды жауап алды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: