Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров жұмыста қала ма, не болмаса кете ме, оны өзі шешеді. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Zakon.kz сайтына осылай деп айтты.
- 1 қарашада облыс әкімнің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың алған ақысыз демалыс мерзімі аяқталып, ол жұмысқа шығады. Біз оны жұмысқа шығады деп жүрміз, дегенмен ол ары қарай жұмыс істей ме, әлде жұмыстан кеткісі келеді ме - бұл ол кісінің өз шаруасы.
Баспасөз қызметі Алматы облысы әкімінің орынбасары ретінде атқарған Мәнізоровтың жұмысын облыс басшылығы жоғары бағалайтынын атап өтті.
"Ол өзін жоғары деңгейлі маман, өз саласының кәсіби шебері ретінде көрсете білді, қалай дегенмен де бәрін өзі шешеді", - деп қосты әкімдіктегілер.
Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысы әкімінің орынбасары Мәнізоровқа қатысты істі тоқтатқандығы туралы хабарланған болатын.
Бағдат Мәнізоров қыркүйек айының соңында ұсталған. Ол қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Облыс әкімінің орынбасары алдында ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Кейін бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылды. 18 қазанда Бағдат Мәнізоровтың 1 қарашаға дейін ақысыз демалыс алғаны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Бағдат Мәнізоровтың қылмыстық ісі тоқтатылғаны туралы құжат тарап кетті