2020 жылы алғаш рет "Абай" және "Әл-Фараби" мемлекеттік сыйлықтары табыс етіледі. Бұл туралы бүгін Абайдың 175 және Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік біріккен комиссия отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комиссия отырысында жазушы Роллан Сейсенбаев "Абай" және "Әл-Фараби" мемлекеттік сыйлықтарын тағайындауды ұсынған еді.
"Абай жылы болғандықтан "Абай" сыйлығын беру керек. Ол үлкен, мықты сыйлық болсын. Ғалымдарға "Әл-Фараби" сыйлығын беру қажет. Бұл Абай мен Әл-Фарабиға түкте қажет емес. Ол бізге керек", - деді жазушы.
Осы орайда, отырысқа төрағалық етіп отырған ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының тарапынан бұл бағытта арнайы тапсырманың болғанын айтты.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге келесі жылы міндетті түрде "Абай" атындағы және "Әл-Фараби" атындағы мемлекеттік сыйлықтар тапсыру туралы тапсырма берді. Сіздің ойлаған ойыңызды Президент бізге нақты тапсырма ретінде берген. Сондықтан бұл мәселе өзі шешімін тауып отыр", - деді Қырымбек Көшербаев.