Жеңістің 75 жылдығына орай ардагерлерге берілетін бір реттік ақша көлемі теңестіріледі

Ешбір ардагер назардан тыс, қамқорлықсыз қалмауы тиіс.

Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өту және оны ұйымдастыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы Күштердің Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов тіисті шаралар Жоспарының жобасы туралы ақпаратты ұсынды.

Атап айтқанда, Жеңістің мерейтолық жылында мынадай іс-шаралар жоспарланған:

әскери шеру өткізу;

ҰОС жылдары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерілмей қалған молаларын және көмілмей қалған қалдықтарын анықтау бойынша іздеу жұмыстарын жүргізу;

ардагерлердің ТМД елдерінің аумағында өткізілетін шараларға қатысуы;

ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету;

мерейтойлық медальдар тапсыру, мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастыру.

Жоспар жобасында барлығы 67 іс-шара қарастырылған.

Бердібек Сапарбаев әрбір облыста Жеңістің мерейтойлық жылын атап өтуге дайындық жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және "ҚР Ардагерлер ұйымы" РҚБ Орталық кеңесімен бірге Жеңістің 75 жылдығына орай ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне бірдей бір реттік төлем сомасын белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды.

"ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, тарихи миссияны орындап, фашизмді жеңуге үлес қосқан қазақстандықтарды ардақтау жалпымемлекеттік ауқымдағы шара. Біз күш-жігерімізді оларды жан-жақты қолдауға бағыттауымыз қажет. Ешбір ардагер назардан тыс, қамқорлықсыз қалмауы тиіс", - деді Сапарбаев.

Кеңесті қорытындылаған вице-премьер Жеңістің мерейтойлық жылын атап өту бойынша барлық шаралар еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамның ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатына бағытталуына, жас ұрпақтың бойында ұлтжандылық сезімді нығайтуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

Отырысқа сонымен қатар қорғаныс, ішкі істер, қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, "ҚР Ардагерлер ұйымы" РҚБ Орталық кеңесінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ облыс әкімдерінің, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: