Digital Samruk 2019 конференциясында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов жыл соңына қарай Қорды трансформациялау бағдарламасын жүзеге асырудан түсетін пайда көлемі 86 млрд теңгеге жететінін мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Есімов 2014 жылы бекітілген трансформациялау бағдарламасы өндірістік бизнес-үрдістерді цифрландыруға баса мән беру мақсатында 2018-ші жылы қайта қарастырылғанын еске салды. Осылайша, Қор жаңа IT-технологияларды әзірлеу мен қолданысқа енгізуді көздейтін нақты да қол жетімді цифрлық трансформацияға көшкен. Енді жаңа стратегияға сай, Қор бүгінде ең алдымен қаржылық тұрақтылықты нығайту, компаниялардың жұмысын трансформациялау арқылы компаниялар топтарының бәсекеге қабілеттігін арттыруға күш салады.
- Трансформациялау бағдарламасы аясындағы нақты жобаларды жүзеге асыру есебінен түсетін пайда соңғы екі жылдың ішінде шамамен 86 млрд теңгені құрайды. Тікелей түскен пайда да, жанама пайдалар да бар. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, Қорға қарасты компаниялар тобының таза кірісі шамамен 1 трлн 150 млрд теңгені құрады, - деді "Самұрық-Қазына" Қорының басшысы.
Оның сөзінше, біріктірілген бюджетке түсетін төлемдер 14%-ға өсіп, 813 млрд теңгені құрады. Бір жылдың ішінде үкіметтің дивиденттері көлемі екі есеге артты, ал ақшалай алғанда бес есеге артқан.
Жалпы, Есімов атап өткендей, жүргізілген кең ауқымды IT-аудиттің қорытындысы бойынша тиімділігі күдік тудыратын сенімсіз жобаларды жүзеге асыру шығындары оңтайландырылды.
- IT тиімділігін арттырудан түскен жалпы пайда 60 млрд теңгені құрады. Холдинг ішіндегі өзара сатып алулар көлемі 4 есеге төмендетілді – 2 трлн теңгеден 515 млрд теңгеге дейін азайды. Бір көзден сатып алу 900 млрд теңгеге немесе 1,5 есеге азайтылды. Категориялық сатып алуларды дамыту жұмыстарының арқасында шамамен 24 млрд теңге табыс түсті. 618 млрд теңге бәсекелі ортаға берілді. Осылайша, сатып алулар тетіктерін жетілдірудің өзінен Қор шамамен 140 млрд теңге үнемдеп қалды, - деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, Қор осы трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру есебінен өзінің негізгі көрсеткіштерін жақсарту жұмыстарын жалғастырады.
- Көп жұмыс атқарылды, бірақ әлі де атқарылатын жұмыс алдымызда әлі көп, - деп қорытты өз сөзін Ахметжан Есімов.
Оксана Скибан, Нұр-Сұлтан