Түркістанда "1424" көркем фильмінің өңірдегі тұсаукесер рәсімі өтті 

Ө.Шөкеев аталған фильмде белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық жолда шарықтай берулеріне тілектестік білдірді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен түсірілген "1424" көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қатысуымен өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Түркістанда алғаш рет түсірілген кинотуындының негізгі мақсаты - қоғамда белең алған жемқорлық көріністерін азайту және оған қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыру, әрі халықтың азаматтық белсенділігін арттыру арқылы сыбайластықтың жолын кесу.

Көркем фильмде оңай олжаға құмартқандардың айлалы әрекеттері мен қатыгез бейнелері ашық көрініс тауып, тағдыр тауқыметін тартқан ағайындылардың бауырға деген шексіз мейірімі шебер суреттеледі.

Адал жолға үндейтін кинокартина ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтің шалқар идеясы негізінде түсіріліп, бүгінгі күні қоғам өміріне негізделген теңдессіз туынды ретінде қазақ киноиндустриясының қатарын толықтырып отыр.

Қазіргі қоғамның түйткілді тақырыбын қаузаған "1424" көркем фильмінің өзіндік ерекшелігі – барлық рөлдерді Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы "Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының" тәрбиеленушілері бар жоғы үш апта көлемінде жоғары деңгейде сомдап шығып, кәсіби әртістердің қатысуынсыз-ақ көпшілік көңіліне терең ой қалыптастыра білді.

Адамгершілік пен әділетсіздік қатар бейнеленген фильмді тапжылмай тамашалаған қалың көрерменнің бірі "Қоғам келбетін жарты сағатқа сыйғызып, көпшілік санасына жеткізу – үздіксіз еңбек, үлкен шеберліктің нәтижесі" деп оң пікір білдірсе, бірі "Бұл фильм пайдакүнем пенделердің сірескен ой-санасын сілкінтуге сеп болады", - деп көркем фильмнің сапасы мен мазмұнын жоғары бағалады.

Алғашқы көрсетілім соңында Ө.Шөкеев аталған фильмде белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық жолда шарықтай берулеріне тілектестік білдірді.

Айта кетсек, "1424" көркем фильмі алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық қала-аудандарды қамтып, өңір жұртшылығына тікелей көрсетілетін болады. Бұл әрбір ел азаматының сыбайлас жемқорлық көріністеріне белсенді түрде қарсылық білдіруіне және оған жол бермеуіне негізгі қадам болмақ.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: