Bek Air компаниясының бір ұшақтың артынан екінші ұшақтың іле-шала ұшқанынан Fokker 100 кемесінің алдындағы ұшақтың желді ізіне түскені апаттың себебі болуы мүмкін деген мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Бұл туралы "Қазаэронавигация" РМК бас директорының бірінші орынбасары Фаат Богдашкин мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
– Біз асығыс мәлімдеме жасағымыз келмеді, комиссияның тергеу нәтижесін күткен едік. Бірақ Bek Air компаниясының бүгінгі мәлімдемесі бізді үнсіз қалмауға мәжбүр етті, өйткені олардың айтқаны дұрыс емес, - деді "Қазаэронавигация" РМК бас директорының бірінші орынбасары. – Біздің қызметкерлер барлық жұмысты заңға сәйкес, IKAO халықаралық стандарттарына сай жүргізді.
"Қазаэронавигация" өкілі түсіндіргендей, жазбаларға сәйкес, Air Astana-ның Airbus 321 Neo ұшағы мен Bek Air-дің Fokker 100 әуе кемесінің ұшуы арасындағы уақыт 1 минут 52 секундты құрайды.
– Airbus 321 ұшағы 7.18.08-де ұшып кетті, оның артынан 7.20-да Bek Air-дің ұшағы көтерілді, екеуінің арасындағы уақыт 1 минут 52 секунд. Халықаралық стандарттар 1 минутқа дейінгі аралыққа рұқсат береді. Осылайша, ұшу арасындағы барлық стандарттар рұқсатты межеден екі есе артық болған. Ұшақтар күнде осылай ұшады және бұған дейін ондай жағдай болған емес. Біз барлық жазбаларды тергеуге тапсырдық, – деді Богдашкин.
Оның сөзінше, "Қазаэронавигация" Bek Air компаниясының тергеу нәтижелерін күтпестен не себепті осындай мәлімдеме жасағанын түсінбей отыр.
– Біз мұндай тұжырым жасау дұрыс емес деп санаймыз және өз пікірімізді көпшілікке жеткізгіміз келеді. Әу баста біз тергеу аяқталғанша ешқандай мәлімдеме жасағымыз келмеп еді, – деп түйіндеді "Қазаэронавигация" өкілі.
Бүгін Bek Air әуе компаниясының директоры Эрик Сапаров апатқа қатысты ішкі тексерудің нәтижелерін жариялаған болатын.
– Біздің алдымызда қай борт ұшып кеткені туралы деректерді алдық. Біздің алдымызда Air Astana әуе компаниясының ұшу массасы 90 тоннаға дейінгі жаңа қозғалтқыштар орнатылған Мәскеуге бет алған Airbus 321 Neo ұшағы көтерілгені белгілі болды. Ұшқан уақытына назар аударыңыз: Алматы уақыты бойынша 7:19. Оның жылдамдығы – 184 торап. Біздің Fokker 100 сағат 15:20-да ұшты, жылдамдығы 155 торап. Яғни, 1 минут. Фоккердің алдында ұшып кеткен ұшақтан қатты желпінді із қалды, – деді ол.