Бәрі заңға сай – СІМ Назарбаевтың іссапар шығындары туралы

Орта есеппен тәуліктік іссапар пұлы $80 – $100 құрайды екен.

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жоғары лауазымды тұлғалардың іссапарларына жұмсалатын бюджет шығындары туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz "Курсивке" сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы, премьер-министрден бастап барлық мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік сапарларына жеке баппен бюджет бөлінеді. Бұл жекелеген үлкен бап, "шетелдік іссапарлар" деп аталады. Жол шығындарына жұмсалатын ақша содан алынады. Онда лауазымдарға сай нақты лимиттер де белгіленген. Мәселен, бағалары қымбаттау келетін еуропалық елдер үшін шамамен $100, азиялық елдер үшін – $80. Назарбаевтың тәуліктік іссапар шығындары Тоқаевпен теңестірілген", – деді ҚР СІМ басшысы.

Тілеуберді бұл тірліктің кезінде қабылданып қойған "Тұңғыш президент туралы", "Елбасы туралы" заңдарға сай жасалып отырғанын жеткізді.

"Ол заңдарда Назарбаевтың мәртебесі нақты айтылған – ол ұлт көшбасшысы, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшысы – Елбасы еліміздің өкілі ретінде шет елдерге сапарлар жасайды. Ол өткенде ғана Бакуге барып, түркітілдес мемлекеттер саммитіне қатысты, Жапонияға барып, Жапонның жаңа императорын ұлықтау рәсімінде болды. Ол сапарлардың шығындары тұңғыш президент туралы заңға сай мемлекеттік бюджет есебінен төленуі тиіс", – деп қосты ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: