Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде "педагог мәртебесі туралы" ҚР сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев, мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бейбіт Мамыраев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев облыстағы білім ордаларының басшыларына заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды zakon.kz Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шараға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының директорлары мен ұстаздары, студенттер, мектеп мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Заң жобасы — мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа мүмкіндік беруге бағытталған.
- "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленді. Жаңа заң жобасына сәйкес, осы жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға ұлғаяды. Сондай-ақ, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсіріледі. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді. Сондай-ақ, заң жобасына сәйкес, енді мұғалімдердің балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын беріледі. Ұстаздар үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы мен қаржылай сыйақысы берілу қарастырылған, - деді ҚР мәжіліс депутаты Бейбіт Мамыраев.
Сонымен қатар, педагог мәртебесін көтеру үшін оның қызметіне қойылатын талаптар күшейтілетіні айтылды.Сондықтан, заң жобасына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ұстаз ретінде кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс.
Айта кетейік, 19 баптан тұратын заң жобасы 4 бағытты қамтиды. Құжатта бірінші – ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; екінші – мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту; үшінші – материалдық емес ынталандыру тетіктері және төртінші материалдық ынталандыру мәселелері қарастырылған.