Алматы қаласының Алатау және Түрксіб аудандарының әкімдері жаңадан тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажановқа сілтеме жасап.
Алматы қаласы әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Алатау және Түрксіб аудандарының әкімдері болып Азамат Қалдыбеков және Бақытжан Ақжаров тағайындалды.
Аудандардың жаңа әкімдерін таныстырған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев олардың Президенттік жастар кадры резервінің өкілдері екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысының дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру жөніндегі идеясы іске асуда. Алматыдан резервтер қатарына 39 адам енді. Бүгінгі кандидаттар – аудандар әкімдері болып қызмет атқаруға барынша дайындықтан өткендер. Біз олардан аталған аудандарда тұратын алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуда нәтижелі жұмыстарды күтеміз", — деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Алатау ауданының жаңа әкімі Азамат Қалдыбеков бүгінгі күнге дейін Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары лауазымында болды. Түрксіб ауданына әкім болып тағайындалған Бақытжан Ақжаров Алматының тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарған.