Алматы әкімі коронавирусқа кімдерді тексеретінін айтты
Instagram
Коронавирус індетімен күрестегі маңызды кезеңнің бірі – әлеуетті науқастарды іздеу мен анықтауға белсенді кірісу.
Байланыстағы және байланыста болуы ықтимал науқастарды анықтау коронавирус инфекциясымен күрестің маңызды кезеңі болып табылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды zakon.kz.
"Коронавирус індетімен күрестегі маңызды кезеңнің бірі – әлеуетті науқастарды іздеу мен анықтауға белсенді кірісу. Басқа елдерден келген науқастар және олармен байланыста болған азаматтар анықталғаннан кейін міндетті тестілеуге жататын жандардың аясы кеңейді. "Жедел жәрдем", емханалар мен ауруханалардың қабылдау бөлмелеріндегі, провизорлық стационарлар мен зертханалардағы медицина қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Санэпидемиологтар сияқты олар да үнемі тестілеуден өтеді. Бұдан өзге медициналық қызметкерлер, полицейлер, әскери қызметшілер мен блок-бекеттегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тексеруден өтеді. Сондай-ақ, тестілеуден өтуге респираторлық ауру белгілері бар, өкпе қабынуымен (пневмония) ауыратын және тыныс алу органындағы сырқатымен есепте тұрған қала тұрғындары да қамтылмақ. Сонымен қатар, жедел-тестілеуден қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтер мен кәсіпорындарының жұмысшылары да өтетін болады. Вирустың жасырын ошағын дер кезінде анықтау арқылы қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік бар. Біздің міндетіміз – қауіпті індеттің өршіп кетуіне жол бермеу", - деп жазды әкім.