Министр Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы парамен ұсталды

20 жыл бойы мемлекеттік қызметте жүрген тіс қаққан шенеунік бұл жолы ізіне аңду түскенін байқамай қалса керек.

Жамбыл облысының әкімдігінде үлкен шу шықты. Өткен демалыс күндері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Тимуржан Нұрымбетовты "откат" ретінде 9 000 000 теңге пара алғаны үшін ұстады, деп хабарлайды "Время" газетінің тілшісі.

Масқара болғанда, бұл кісі жұмыссыз қалған халыққа жәрдемақы беруге жауап беретін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы!

"Время" тілшісі анықтағандай, Тимуржан Нұрымбетов "парақор ретінде" 2019 жылдың соңында күдікке ілініп, арнайы бақылауға алынған. Бір қызығы, 20 жыл бойы мемлекеттік қызметте жүрген тіс қаққан шенеунік бұл жолы ізіне аңду түскенін байқамай қалса керек.

Тимуржан Бидайбекұлының қоғамдық Asyl-Tirek мүгедектер бірлестігімен тым етене жақын жұмыс істегені күдік тудырған. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректерге сай, тек 2020 жылдың өзінде бұл кәсіпорын Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан 86 млн теңгеден астам ақшаға тапсырыс алған. Сатып алулар бір көзден алынып, ешқандай ашық конкурссыз өткен!

Жемқорлар жүйесінде мұндай ірі ақша аспаннан су тегін сау етіп түспейді: Asyl-Tirek бастығы Ғалымжан Сарымсақов оның бір бөлігін "откат" жасап, "беруші қолға" қайтаруға міндеттеме алған. 11 сәуірде ақшаның алғашқы бөлігі берілген екен. Ақша араға делдал болған Нұрзипа Романованың қолымен берілген. Нұрзипа дегеніміз – Жамбыл облысы әкімдігінің Мемлекеттік құпияларды сақтау бөлімінің бастығы. 9 миллион теңгені беріп жатқан кезінде Романова мен Нұрымбетов ұсталып, тергеудің уақытша қамауына алынды. Тергеушілер "бұл шенеуніктер параларды жүйелі түрде алып отырған", деп тұспалдауда.

Министр Біржан Нұрымбетов туған ағасының тірлігіне жауап бермейді, отставкаға да кетуге міндетті емес, өйткені Тимуржан оның қол астындағы қызметкер емес. Бірақ масқара жағдай екені анық. Біржан Бидайбекұлы халыққа жәрдемақы беріп жатқанда, туған ағасы ана жақта мүгедектер бірлестігінен алып жатқаны жақсы нәрсе емес.

Енді Агенттіктің ресми ақпаратын күтіп отырмыз.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: