Коммуналдық төлемге 15 мың теңге кімге, қалай беріледі

Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге төлеуге өтінім қабылдау әкімдіктер өтінім қабылдайтын арнаулы жүйені іске қосқан соң басталады.

Коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу тәртібі ағымдағы жылдың 18 сәуірінде бекітілді және бүгінгі таңда әкімдіктер өтінімдерді қабылдау үшін call-орталықтар мен ақпараттық ресурстар құру бойынша шұғыл шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктер өтінімдерді қабылдайтын арнаулы жүйені дайындағаннан кейін ол туралы жергілікті халықты хабарландырады.

Аталған жұмыс мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде жүргізіледі. Сондықтан өтінім беру үшін әкімдіктерден тиісті ақпаратты күту қажет.

Мемлекет ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айлары үшін коммуналдық қызметтерге ақы төлейді, сондықтан өтінім беруге асықпау қажет. Өйткені барлық өтініштер мамыр айын қоса алғандағы кезеңде қабылданады.

Өтінімдер call-орталықтар мен ақпараттық жүйелер арқылы қабылданады. Әкімдіктерге тұтынушының жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін және есепшотының деректерін ұсыну қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу қағидаларын бекітті.

Оның негізгі мақсаты - карантин кезінде мемлекеттің қолдауы қажет адамдарға көмек көрсету.

Әкімдіктер және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсыныстарының негізінде мынадай санаттағы адамдардың коммуналдық қызметтеріне төлем жүргізіледі:

1) 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер;

2) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

3) мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар;

4) көпбалалы отбасылар;

5) ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;

6) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

7) атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

15 мың теңге мөлшеріндегі төлем ай сайын коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың есепшотына (абоненттік шотқа) жіберілетін болады.

Көмек коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен өз атынан шарт жасасқан және карантин енгізілген елді мекенде тұратын көрсетілген санаттардағы адамдарға көрсетілетін болады.

Мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар, көпбалалы отбасылар және қызметiн орындау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына келсек, олардың отбасының бір мүшесінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен шарт жасалған болуы тиіс.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: