Ұлттық банк бизнестің қолма-қол ақша алу лимиті туралы түсіндірді

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваның түсіндірмелері.

Компаниялар үшін банктік шоттардан алуға арналған соманың шекті мөлшерін белгілеу себептері және кәсіпкерлердің құқықтарын шектеу ықтималдығы туралы Банкі Төрағасының орынбасары Дина Ғалиеваның түсіндірмелерін Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды zakon.kz.

Компаниялардың банктік шоттарындағы ақшалай қаражат – бұл олардың меншікті активтері. Кәсіпкерлерге қолма-қол ақшасыз тәсілмен қажетті операцияларды жүргізуге шектеу қойылмаған. Жаңашылдық көлеңкелі экономиканың мөлшерін төмендетуге, бизнес субъектілері жүргізетін операциялардың айқындылығын арттыруға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған.

Енгізілетін шаралар Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен талқыланғанын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесімен мақұлданғанын атап өтемін.

Аталған жаңашылдық қолданылмайтын заңды тұлғалар туралы

- Жаңашылдық жеке тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге, микрокәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ ауылшаруашылық азық-түлік өнімдерін, балық өсіру өнімдерін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, тамақ өнімдерін, сусындарды, фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлардың бөлшек саудасымен айналысатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

Жаңашылдық екінші деңгейдегі банктерге, "Қазпочта" АҚ мен банктік емес айырбастау пункттеріне де қолданылмайды.

Көлемге қатысты ағымдағы жылғы 1 қаңтарда елде жұмыс істейтін 308 мың заңды тұлға (олардың 96,5 мыңы немесе 31% ауыл, орман және балық шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда саласында қызметін жүзеге асырады) және жұмыс істейтін 1 млн 69 мың дара кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Белгіленген лимиттен асыру мүмкіндігі туралы

- Мұндай мүмкіндік көзделген. Компанияларға белгіленген лимиттерден асатын кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға қажетті қолма-қол ақша сомасын алуға рұқсат етілген.

Бірақ, бұл жағдайда компаниялар өздеріне қызмет көрсететін банкке тиісті негіздемені ұсынуы қажет, ол өз кезегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен (бұдан әрі – Қаржыминнің МКК) операциялар жүргізуді келіседі. Ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін екінші деңгейдегі банктермен және Қаржыминнің МКК-мен бірлесіп кәсіпкерлерден ақпаратты алу және келісу рәсімін жүргізу бойынша барлық тетіктер пысықталатын болады. Егер компания үш жұмыс күні ішінде Қаржыминнің МКК-нен жауап алмаса, онда аталған сұрату бойынша қолма-қол ақшаны алу бойынша транзакция автоматты түрде мақұлданды деп есептеледі.

Жаңа қағидалардың енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер үшін туындауы мүмкін қиындықтар туралы

- Бұл шешімді қабылдамас бұрын біз жағдайды, оның ішінде заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаны алу мақсатын және сомасын жан-жақты зерттедік және талдадық.

Біраз статистика келтіре кетейін. 2017 жылы заңды тұлғалар банктік шоттардан 1,6 трлн теңге, бір жылдан кейін – 2,4 трлн теңге, ал 2019 жылы – 2,8 трлн теңге алған. Қолма-қол ақшалай алатын қаражат сомасы жылдан жылға өсуде.

Бұл ретте, кәсіпкерлердің өздері көрсеткендей, аталған қаражат белгілі бір тауарлар мен әртүрлі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Компаниялар мұндай операцияларды қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізе алады – оған ешқандай шектеулер жоқ. Осы үшін бүгін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Банктер жалақы жобаларын ұйымдастырған және оған қызмет көрсетіп келеді, төлемдер, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар мен аударымдар жасауға арналған қолайлы орта бар. Мысалы, 2019 жылы заңды тұлғалар 65,6 трлн теңге сомаға қолма-қол ақшасыз тәсілмен тауарлар мен қызметтер ақысын төледі, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерден 14%-ға жоғары.

2019 жылы орташа статистикалық тұрғыдан бір заңды тұлға жылына шамамен 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшамен алған. Біз енгізетін лимиттер жоғарыда көрсетілгендерден әлдеқайда жоғары. Сондықтан біз бизнес үшін қандай да бір қиындықтар туындайды деп күтпейміз.

Бүгінде мұндай реттеу түрі қолданылып келеді. Мысалы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" ҚР Заңында заңды тұлғалар, оның ішінде қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрған дара кәсіпкерлер арасында қолма-қол ақшамен операциялар жүргізуге шектеу көзделген.

Бүгін аталған Заңға сәйкес сомасы айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен (2 778 000 теңге) асатын мәмілелер бойынша төлемдер қолма-қол ақшасыз тәртіппен ғана жүзеге асырылады. Осылайша, тіпті шағын бизнес субъектілері үшін де қолма-қол ақшаны алуға қатысты енгізілетін шекті мөлшер көрсетілген сомадан 7,5 есе асып түседі.

Бұған қоса, заңды тұлғалар өздерінің банктік шоттарынан қолма-қол ақшаны алуға құқылы екендігін тағы да атап өтемін, айырмашылығы тек енді шекті сомалар белгіленді.

Жаңашылдықтың елдің инвестициялық тартымдылығына әсері туралы

- Қандай да бір мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы белгілі бір дәрежеде экономикалық қызметтің айқындылығына байланысты. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңінен қолдану елдегі экономикалық қызметтің айқындылығын қамтамасыз етеді. Бұл ақпарат инвесторлардың инвестициялық мүмкіндіктер мен тәуекелдерге объективті баға алуына мүмкіндік береді. Неғұрлым айқын экономикалық қатынастарға көшу шетелдік компанияларды біздің экономикамызға инвестициялауға ынталандырып, елге капитал ағынының әкелінуін қамтамасыз ететін болады.

Шет елдерде қолма-қол ақшаны пайдалануды шектеу тәжірибесі туралы

- Белгілі бір мөлшерден асып кеткен жағдайда айыппұл немесе операция туралы тиісті есепті жіберу міндеттемесі белгіленген жеке тұлғаларды қоса алғанда, қолма-қол ақша нысанында есептеудің шекті мөлшерін белгілеу тәжірибесі басқа елдерде де бар.

Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде қолма-қол ақшамен төленетін мәмілелер мен сатып алулар бойынша шекті мөлшерлер еліне байланысты
1 000 еуродан 15 000 еуроға дейін, АҚШ-та – 10 000 Америка долларын, Канадада – 10 000 Канада долларын, Австралияда – 10 000 Австралия долларын құрайды.

Жаңашылдықтың қолданылу мерзімі туралы

Президенттің Жарлығына сәйкес шектеудің қолданылу мерзімі - ағымдағы жылдың соңына дейін. Қазіргі уақытта Ұлттық Банк заңнамаға өзгерістер топтамасын дайындау жұмысын жүргізуде, оған сәйкес Ұлттық Банкке заңды тұлғаларға қолма-қол ақша беруге шектеулер белгілеу бойынша өкілеттік берілетін болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: