Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында "Карантин жағдайындағы Рамазан" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында өз сайттарында "Рамазан энциклопедиясы" қосымша парақшасы ашылғанын мәлім етті, деп хабарлайды muftyat.kz.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz сайтынан "Рамазан энциклопедиясы" қосымша парақшасы ашылды. Бұл – Рамазанға қатысты барлық мәліметті алу үшін жасалған жоба. Өйткені, карантин кезіндегі оразаға қатысты халық тарапынан сұрақ қоюшылар көп. Бұл бастамамыз осындай сауалдарға жауап беру үшін ашылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс бағыттарының бірі – жамағаттан түскен сұрақтарға дер кезінде жауап беру, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Баспасөз конференциясында наиб мүфти Ершат Оңғаров ҚМДБ Төралқа мәжілісінде пітір садақасы мөлшері 370 теңге болып бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар зекет пен пітір садақасын онлайн режимде беруге болатынын жеткізді.