Карантиндегі Рамазан: Ораза жайлы мифтер

Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚМДБ бекіткен Ораза ұстау ережелерін де біліп жүрейік.

Биыл Рамазан айында еліміздегі төтенше жағдайға байланысты өзгерістер болады, деп хабарлайды zakon.kz factcheck.kz-ке сілтеме жасап.

Мұсылмандар үшін қасиетті айда оразаға қатысты көптеген рас-өтірігі аралас әңгімелер тарап жатады. Бұл жылда қайталанатын құбылыс.

Карантин уақытында Рамазан айында қандай өзгерістер болады? Біріншіден, короновирустың салдарынан Қазақстан мешіттерінде тарауих намазы оқылмайды. Екіншіден, карантин уақытында ауызашар мешітте берілмейді және ұйымдастыруға тыйым салынды. Үшіншіден, еліміздегі төтенше жағдайды ескеріп, денсаулыққа маңызды болған соң антисептик құрамында спирт болса да оразаны бұзбайды. Бұл туралы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Сұлтанда өткен брифингте айтты. Төртіншіден, биылғы жылы пітір садақа бір адамға 370 теңге мөлшерінде белгіленді.

Оны әдеттегідей мешітте емес, Kaspi.kz немесе Halyk Bank қосымшасымен төлеуге болады. Ол үшін мобильді қосымшаны жүктеп, төлемдер бөлімін басу қажет.

Иммунитет әлсіресе адам инфекцияға бейім келеді

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мамыр айынан кейін де инфекция белгілері анықталуы мүмкін екенін айтып, 24 сәуірде басталатын Рамазан айына да қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ораза ұстайтын азаматтар қажетті тағамдар арқылы, иммунитеттің әлсіремеуіне аса мән беру қажет. Рамазан айында адамдар топтасып жиналады. Біз үшін биылғы жыл төтенше жағдайдың салдарынан ерекше екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан Рамазан айында да карантин ережелерін сақтауымыз керек. Адам ағзасында ақуыз, майлар, дәрумендер жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуіне алып келеді. Иммунитет әлсіресе адам инфекцияға бейім келеді. Ораза ұстайтын азаматтар ақуыз, көмірсу және майдың ағзаға толықтай жеткілікті баруын қамтамасыз ету керек. Одан бөлек, су мен көкөністен де бас тартпауға шақырамыз.

Сілекей мен түкірік жұтса, ораза бұзылмайды

"Әзерет Сұлтан" мешітінің ресми youtube каналында исламтанушы, "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет осы сұраққа арнайы жауап берген болатын: Сілекей мен түкірік мәселесі оразаны бұзбайды. Өйткені, Әзірет Әлидің айтуы бойынша сырттан кіргеннің барлығы оразаны бұзады. Іштен шыққандар бұзбайды. Адамда сілекей іште болғандықтан, ол үнемі келіп кетіп тұрады. Оның ешқандай зияны жоқ. Көп кісілер бұны қате түсінеді. Тіпті, адамның түкірікті көп жұтынуы мәкрүһ болып есептеледі. Бірақ, ол ешқандай да оразаны бұзбайды. Сырттан ешнәрсе жұтпағандығы үшін.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: