Мақтааралдықтарға өтемақы төленеді

Өмірзақ Шөкеев аудандағы жер бедері және жерасты суларының жақындығына байланысты тез арада су кетпей, сіңбеуі де мүмкін, дейді.

Иә, оңтүстіктегі ағайынға арқаны кеңге салуға болмайды. Мақтаарал ауданындағы жеті елді мекенді әлі де су басу қаупі бар екен. Аймақ әкімі Үкімет отырысында осылай деді.

Өмірзақ Шөкеев алапат тасқыннан зардап шеккен халыққа бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленетінін мәлімдеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мақтааралдықтардың төтеннен келген тасқынмен алысып жатқандарына бүгін төртінші күн. Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы жарылған бөгеттен аққан топан су Мақтаарал ауданының 14 елді мекеніндегі 31 мың тұрғынын өзге жерге көшуге мәжбүрлеген. Бүгінге дейін су 6 мың халқы бар 5 ауылдық жерді басқаны белгілі болды. Қазірдің өзінде өзге жерлердегі техногендік апаттың қаупі әлі де сақталуда екен.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

"Жет елді мекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал елді мекенде - Мырзакент, Ақжол мекендерінде қауіп сейілді. Тұрғындар үйлеріне қайтты".


Әкім атаған Мырзакент мен Ақжол ауылдарындағы өз үйлеріне бүгінде 17 мың адам қайтыпты. Ал, Сардоба суы алдын ала есептеулер бойынша, 845 үйді, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина, 1 мәдениет нысанын және 10 дүкенді толық басқан. Техногендік апат республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54 шақырым көлік жолды да картадан жоқ қылған. Сондай-ақ, 7700 гектарға жуық егістік өнімі құрып, мал шығыны да болған. Өмірзақ Шөкеев Үкімет басшысынан барынан айырылғандарға шығынын қайтару жолын қарастыруды сұрады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

"Біз Арыстағы тәжірибемізге сүйеніп, ол мүліктің компенсациясын жасау үшін әр отбасына, әр жеке эвакуациямен су басқан елдегі жеке басына есептеп, соған компенсацияны белгілеу керек деп ойлаймын".


Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

"Арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Құрамында жергілікті және орталық атқарушы органдардың басшылары бар. Комиссия Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өрге бас, Достық ауылдарына келтірген шығынды шұғыл түрде есептеу бойынша жұмысы жүргізеді. Одан кейін инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым, үйлер қалпына келтіріледі. Зардап шеккен тұрғындарға Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі".


Үкімет қолдауынан бөлек, Өзбекстан тарапы да құр қалмақ емес. Өздерінде оннан аса елді мекені су басқан бауырлас ел мамандары жерлерінде жағдай тұрақталған соң, арнайы техникамен біздегі кәріз құбырларын тазалауға көмектеспек екен.

Ал, әзірге мыңдаған маман және 200-ге жуық техника тартылған Мақтаарал ауданындағы кейбір жерлерде жағдай осы. Өмірзақ Шөкеев аудандағы жер бедері және жерасты суларының жақындығына байланысты тез арада су кетпей, сіңбеуі де мүмкін, дейді. Ол сондықтан жағдайды қалыпқа келтіру үшін өңір билігі мен Экология министрлігі бірлесіп елді мекендер жанынан алып орлар қазуын ұсынды. Кейін онда сорылған су құйылмақ. Ал, су басқан ауылдарға көмек ретінде ашылған қорға ақша әр өңірден аударылуда. Әзірге, оған қанша қаржы түскені жайлы нақты мәлімет жоқ екен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: