Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, адамдардың тыныш жүріп-тұруы – біздің басты міндетіміз, деді бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, деп хабарлайды zakon.kz.
Министр хабарлағандай, адамдарды алдап, олардың бағалы заттарын, малдарын ұрлап, үйлерін тонау үшін қарақшылар түрлі амалдар ойлап табуда.
– Технологиялық ақпараттық қылмыстармен күресу үшін полиция қызметкерлері IT мамандарын тартып, ұрлық пен алаяқтықты болдырмауға күш салып жатыр. Ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілік күшейді, мал ұрлығы бойынша заңға арнайы бап енгізілді, – деді ол.
Сонымен қатар, Тұрғымбаев полицейлердің жұмысында кемшіліктер бар екенін мойындады.
– Қарапайым азаматтардың тыныш ұйықтап, қауіпсіз өмір сүруі – біздің басты міндетіміз. Әрине, полицейлердің жұмысында да кемшіліктер бар. Оларды түзеу үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Тәртіп бұзған, қылмысқа жол берген қызметкерлердің ішкі істер органдарында жұмыс істеуге құқығы жоқ. Полиция – қоғам айнасы! Мемлекет басшысы айтқандай, ашық, халықтың сенімді серігі болуға, бар күшімізді саламыз, – деп мәлімдеді министр Тұрғымбаев.