Ұлттық банк теңгенің нығаю себептерін атады

Мамырда Ұлттық қордан 650 млрд теңге сомаға трансферттер бөлінді.

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мамырда ұлттық валютаның бағамына қандай ішкі факторлар айтарлықтай әсер еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Біріншіден, бұл – 2020 жылға арналған кепілдендірілген трансферттің жалпы көлемін 2,7 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге дейін ұлғайту шеңберінде бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан валюта сатуды ұлғайту.

Екіншіден, бұл – тоқсандық салық аударымдары үшін экспорттаушылардың шетел валютасын сатуы. Бірақ мамыр «салық айы» деп аталатынына қарамастан, экспорттаушылардың сату көлемі біршама қысқарды. Бұл наурызда мұнайдың едәуір құлдырауы мен сәуірде мұнайдың орташа бағасының төмен болуының белгілі бір лагпен теріс әсерінің болуына байланысты.

Үшінші фактор – бұл карантин шараларын ұзартуға және көптеген кәсіпорындардың жұмыс істеу режимінің әлі де шектеулі болуына байланысты валютаға деген сұраныстың төмендеуі. Мамырда Қазақстан қор биржасындағы сауда көлемі бір жылда ең төменгі деңгейге төмендеп, 1,6 млрд АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін сәуірде сауда көлемі 1,72 млрд доллар, ал 2020 жылғы 4 айда орташа алғанда 2,4 млрд доллар болды.

Осының аясында мамырда Ұлттық Банктің интервенция жүргізу қажеттілігі болған жоқ.

- Мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) жаңа сыртқы инвестицияларды байқаған жоқпыз, инвесторлар мамырда позицияны 20,7 млрд теңгеге қысқартты. Біз инвесторлардың нарыққа қол жеткізуін жеңілдетумен, атап айтқанда халықаралық есеп айырысу ұйымдарымен ынтымақтастық желісі арқылы жұмыс істеуді жалғастырамыз. Басқа дамушы нарықтармен салыстырғанда Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі тартымды болып қала береді, - дейді Молдабекова.

Мамырда Қаржы министрлігі МБҚ-ны шығару кестесіне өзгерістер енгізді, ағымдағы жылдың соңына дейін Қаржы министрлігі шамамен 1 трлн теңгеге өтеу мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейінгі МБҚ шығарады. Бағалы қағаздар бойынша бұл мерзім инвесторлар үшін анағұрлым тартымды болып табылады. Мамырда жаңа кесте бойынша алғашқы аукциондар өткізілді, екінші деңгейдегі банктер мен олардың клиенттері тарапынан сұраныс аукциондардың көпшілігінде ұсыныстан асып түсті.

Қаржы министрлігінің аукциондарына қысқа мерзімде нарықтың белсенді қатысуы МБҚ-ның өтімділігін арттырады және шетелдік инвесторлардың кіруіне алғышарттар жасайды.

Ұлттық Банктің және Ұлттық қордың резервтері туралы

Алтын-валюта резервтерінің деңгейі мамырда $31,5 млрд долларға дейін $950 млн долларға ұлғайды, бұл 2017 жылдың күзінен бері ең жоғары деңгей.

Резервтердің өсуі олардың валюталық бөлігінің ұлғаюына байланысты: еркін айырбасталатын валюталардағы активтер $1 млрд доллардан астам ұлғайды. Мұндай өсудің негізгі себептері Ұлттық банктегі екінші деңгейдегі банктердің шоттарындағы қаражатының ұлғаюы, сондай-ақ Ұлттық қорға алтынды жоспарлы сату болды.

- Резервтердің валюталық бөлігінің өсуіне квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $156 млн доллар көлемінде валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату шеңберінде валюта сатып алуы да әсер етті. Мамырдағы ішкі валюта нарығының теңгерімділігін ескере отырып, Ұлттық Банк бұл соманы резервке сатып алуды жүзеге асырды. Алдағы уақытта бейтараптылық қағидатын сақтау мақсатында біз нарықта сатып алынған соманы бірқалыпты сатуды жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Алтын портфелі алтын бағасының бір унция үшін 1717 доллар деңгейінен 1726 доллар деңгейіне дейін аздап өсуіне қарамастан шамалы төмендеді. Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Ұлттық Банк мамырда Ұлттық қорға 250 млн АҚШ долларына аффинирленген алтынды сатты.

Ұлттық қор активтерінің өзгеруіне ықпал еткен факторлар

Ұлттық қор активтері мөлшерінің аз ғана өзгергенін айта кеткен жөн: жедел мәліметтер бойынша мамырдың соңына қарай Ұлттық қордың нарықтық құны $58,48 млрд болды, яғни өзгеріс бір айда шамамен $ 60 млн.

Мамырда Ұлттық қордан 650 млрд теңге сомаға трансферттер бөлінді. Республикалық бюджетке трансферттерді бөлу мақсатында Ұлттық Банк Ұлттық қордан $1,1 млрд көлемінде немесе 466,2 млрд теңгеге нарықта валюта сатты. Трансферттердің қалған бөлігі Ұлттық қорға теңгемен түсім есебінен және теңгедегі шоттағы қалдық есебінен жүзеге асырылды.

Ұлттық қордан осыншама қомақты қаражат алу инвестициялық кіріспен және Ұлттық қорға валюталық түсімдермен толығымен өтелді.

Қаржы нарықтарындағы оң үрдістер аясында акциялар нарығы наурыздағы біршама құлдырауынан кейін мамырда өзінің қалпына келуін жалғастырды. Акциялардың жаһандық индексінің шамамен 5%-ға өсуі Ұлттық қор акциялары портфелінің нарықтық құнының 560 млн долларға ұлғаюына әкелді. Ұлттық қордың жалпы инвестициялық кірісі мамырда
670 млн АҚШ доллары болды.

Жақын арада және перспективада теңге серпініне әсер ететін факторлар

Ішкі факторларға тоқталсақ, онда, әдетте, жаз айлары кезекті демалыстармен және, тиісінше, шетел валютасына жоғары сұраныспен байланысты. Елдердің арасындағы әуе қатынастары әлі де қалпына келмеген ағымдағы жағдайды ескере отырып, жаздағы демалыстармен байланысты шетел валютасына деген қажеттілік аз болады, сондықтан биылғы жылы осы фактордың теңге серпініне әсері аз болады деп күтіледі.

Жалпы алғанда, экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі шетел валютасына деген сұранысты арттыра түседі. Мұнай өнімдерінің әлі де төмен бағасының әсерінен экспорттаушы компаниялардың валюта сату көлемін қысқартқанын ескерсек, жуық арада теңгеге қысым тәуекелі сақталады.

Ұзақ мерзімді перспективада мұнай бағасының қалпына келуі және мұнайға деген сұраныстың одан әрі ұлғаюы жөніндегі нарықтың күтулері теңгеге қолдау көрсететін болады деп күтілуде. 6 маусымда қол жеткізген OPEC+ жаңа уағдаластықтары нарыққа жағымды әсерін тигізеді. Алайда, кейбір сарапшылардың пікірінше, коронавирустың қайталану ықтималдығына немесе әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынының баяу болуына байланысты теріс оқиғалардың болуын да жоққа шығаруға болмайды.

Ұлттық Банк нарықта оқиғалар дамуының әртүрлі сценарийлерін қарастырады және ішкі валюта нарығындағы қаржылық тұрақтылық қатерін және негізсіз құбылмалылықты болдырмауға арналған толық құралдар жиынтығы бар.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: