Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары дәріханаларында ыстықты түсіретін - парацетамол жоқ, ал шымкенттік дәріханаларда кісі кезегі көбейген, деп хабарлайды zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Вирусқа қарсы препараттар қазақстандық дәріханаларда тапшы. Бірнеше күн бойы адамдар парацетамол, аспирин және арбидолдың барлығын сатып алып қойған. Фармацевттер мұны індет кезінде адамдардың дәрісіз қалып кетуден қорқатындығымен түсіндіреді. Ал дәрігерлердің өзі коронавирус белгісі білінбейтін науқастарға осы дәрі-дәрмектерді қабылдауға кеңес беріп жатыр екен. Сондықтан да қазақстандықтар оны жаппай сатып алуда.
Фармацевттер демалыс күндері карантин болғандықтан, дәрі-дәрмектер қорын толықтыра алмаған. Өйткені тауар жеткізушілер демалыс күнінде карантин деп тапсырыс қабылдамаған.
- Егер бұрын күніне 50 тал парацетамол өтетін болса, қазір бір күнде 100-200, мүмкін одан да көп сатылады. Бірнеше күн болды, осылай. Адамдар жаппай келіп, осы дәрілерді сатып алып, кетіп жатыр. Әлі толастар емес. Содан да дистрибьюторлар тауар жеткізіп үлгермеуде. Сол себепті бұл дәрілер қазір бізде жоқ. Өтініш беріп қойдық, бірақ тапсырыс толық қанағаттандырылатындығына әлі ешкім бізге уәде берген жоқ. Бірақ ертең немесе келесі күні жағдай жақсарады деп үміттенеміз, - деді Алматы дәріханасының меңгерушісі Бибігүл Әшірбаева.
Фармацевттер адамдар қатаң карантин жағдайына оралудан қорқады деп санайды. Ондайда елімізде дәрі тапшылығы орын алуы ықтимал деп қауіптенеді. Елорданың бас дәрігерінің мәлімдемесінен кейін де жұрт дәрі сатып алуға жаппай лап қойған. Сәуле Қисықова коронавирустың белгісі жоқ тасымалдаушыларына парацетамолмен немесе аспиринмен емделуге кеңес берген.
- Егер дене температурасы 38 градустан асса, парацетамолды 500 миллиграмын қабылдаңыз. Күніне бір рет 150 миллиграмм аспирин дозасын ішу керек. Бұл Thrombo ACC таблеткалары, Кардиомагнил немесе басқа қан сұйылтқыштар, - деді Сәуле Қисықова.
Елордада парацетамол мен аспириннен вирусқа қарсы басқа препараттар да ізім-қайым жоқ. Дәріханаларда жоғары сұранысқа байланысты бағалар да қайта қойылуда. Шымкенттіктер де дәріханаларға лап қойған. Бірақ бұл жақта, әзірге дәрі тапшылығы сезілмейді.