Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасына сәйкес, құны 30 миллион теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер облыс халқының әлеуметтік аз қамтылған топтарына тегін таратыла бастады, деп хабарлайды zakon.kz.
Дәрі-дәрмектер қаланың және жеті ауданның 3000 отбасына тегін таратылады.
- Мемлекет азаматтарымызды қолдауды бір сәт те тоқтатпайды. Бұл бастама аймақ басшысы Махамбет Досмұхамедовтің және "Біз біргеміз" облыстық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бір-бірімізге көмек қолын созып, осындай қиын уақытта қолдау көрсету - бәріміздің ортақ міндетіміз, патриоттық парызымыз. Біз барлық бұқараның әлеуметтік аз ақымтылған 7 санатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Еріктілерге осы акцияға белсенді қатысқандары үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
30 түрлі дәрі-дәрмек салынған пакетті таратып, жеткізуге 50-ге жуық авто-ерікті мен "Жас Отан" Жастар қанатының еріктілері қатысуда. Қажетті дәрі-дәрмектер салынған пакеттер әлеуметтік аз қамтылған 7 категорияға беріледі. Атап айтқанда, аса мұқтаж жандарға, көпбалалы және табысы аз отбасыларға, бірінші топ мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше балалары бар отбасылар, төмен зейнетақы алатын және әлеуметтік аз қамтылған топқа кіретін зейнеткерлер, жетім балалар, тыл еңбеккерлері мен ҰОС қатысқандар мен оларға теңестірілгендерге беріледі. Дәрігердің арнайы рецептісіз берілетін препараттар.
- Волонтерлар дәрі-дәрмектерді жинап, оларды жеткізуді бір күн бұрын бастады. Әр жиынтықта маскалардан бастап дене қызуын түсіретін дәрілерге дейін, сондай-ақ жөтелді басатын дәрі-дәрмек те бар. Біздің волонтерларымыз аманаттарды аман-есен иелеріне жеткізіп береді. Еріктілер ара қашықтықты сақтап, жеткізіп берушілерге жақын барып, қолға бермейді, - деді еріктілер штабының жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызы.