Ағымдағы жылғы II тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанның еңбек нарығында жол жөндеу жұмысшыларының тапшылығы байқалады, деп хабарлайды zakon.kz.
Электрондық еңбек биржасында жарияланған 12 мыңнан астам бос жұмыс орнына 3 мың түйіндеме орналастырылған. Ең көп сұранысқа ие білікті мамандықтар "бестігіне" тас қалаушы (1912 бос орын), бетоншылар (1861), күзетшілер (1816) және медбикелер/ мейіргерлер (1637) кірді.
Мұндай қорытындыға 2020 жылдың II тоқсанындағы "Қазақстандағы білікті еңбекке деген ұсыныс пен сұранысты талдау" зерттеуінің нәтижелері бойынша WDC (ҚР Еңбекмиі жанындағы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы) талдаушылары келді.
Жоғарыда көрсетілген кезеңде білікті жұмыскерлер үшін ЭЕБ-да барлығы 163 мың бос жұмыс орны орналастырылды, ал білікті мамандар түйіндемелерінің саны 106 мыңды құрады.
Биылғы жылдың ІІ тоқсанында білікті жұмысшыларға деген қажеттілік әсіресе Алматы қаласында (22,5 мың), Қарағанды облысында (17,4 мың), Қостанай облысында (16,4 мың) және Нұр-Сұлтан қаласында (16 мың) байқалды.
"Сәуір айында ай сайынғы динамикада жыл басынан бері бос жұмыс орындарының ең аз саны, яғни 25 мыңнан сәл артық жұмыс орны орналастырылған. Бірақ мамыр айында карантин режимінің біртіндеп әлсіреуі және жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру аясында бос жұмыс орындарының саны 2,8 есеге өсті", – деді WDC болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Сарапшылардың айтуынша, білікті еңбекке қатысты орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан көбі екі кәсіби топқа: кәсіпқойлар мен өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас салалардың жұмысшыларына бағытталған.
Бұл ретте өңірлер бөлінісінде II тоқсанда Ақмола облысында ғана жол жөндеу жұмысшылары сұранысқа ие кәсіптердің көшін бастаған жоқ, онда ауыл шаруашылығының инженер-механизаторлары, тиеу-түсіру жұмыстарындағы кешенді бригаданың механизаторлары, тракторшылар тапшы.
"Менің ойымша, жол жондеу жұмысшыларына деген сұраныстың артуы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы мен Жұмыспен қамту жол картасы аясында жөндеу жұмыстарының маусымдық жандандырылуына және жаңа бос жұмыс орындарын құруға байланысты", – деп түсіндірді Дмитрий Шумеков.
Сонымен қатар, өңірге байланысты басқа да сұранысқа ие мамандықтарды да атап өтуге болады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 1,5 мыңға жуық мектеп көмекшісі, Ақтөбе облысында – 380 орта мектеп мұғалімі, Жамбыл облысында – 305 құрылысшы-техник қажет. Атырау облысында статистикалық бақылау жүргізу бойынша интервьюерлер ең көп сұранысқа ие болып табылады, олардың жетіспеушілігі шамамен 250 бірлікті құрады, ал Түркістан облысында кеңселік техникаға қызмет көрсету бойынша 160 жұмысшыға тапшылық байқалады.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекке қабілетті халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бағдарламаларды жүзеге асыруда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдың І жартыжылдығында 217,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 102,6 мыңы – тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту жол картасы аясында 148 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.