Сенаттың екі депутаты Атырауда жұмыс сапарымен жүр

Сенаторлар бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағасына қатысты жағдайды да бақылауға алды.

Сенат депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Ләззат Сүлеймен Атырау қаласындағы жедел жәрдем стансасына барды. Медициналық қызметкерлермен кездескен депутаттар жүздеген қазақстандықтың өмірі дәл осы жедел жәрдем бригадаларының кәсібилігі мен жедел әрекетіне байланысты екенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғұмар Дүйсембаев қазіргі таңда 103 қызметінің фельдшерлері алдыңғы шепте аянбай еңбек етіп жатқанына назар аударып, олар қолдау мен құрметке лайық екенін жеткізді.

Сенаторлар коронавирус пен пневмонияны емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті екеніне көз жеткізу үшін "СК-Фармация"-ның дәріханалары мен қоймаларын тексеруді жалғастырып жатыр. Біраз уақыт бойы елімізде медициналық препараттардың тапшылығы байқалған еді. Тіпті кейбір дәріхана желілері пандемиядан емделуге керекті дәрілердің бағасын қолдан қымбаттатып, жағдайды одан әрі ушықтырды. Осыған байланысты "СК-Фармация"-ның жұмысына қатысты сыни пікірлер айтылып, бақылау органдары тарапынан мәселе көтерілген болатын. Сондықтан Сенат депутаттары өңірде дәрі-дәрмек сататын және сақтайтын орындарға арнайы барып тексеруді жөн санады.

Сонымен қатар сенаторлар бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағасына қатысты жағдайды да бақылауға алды. Соның аясында олар ірі азық-түлік дүкендеріне ат басын бұрып, жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын белгіленген шектен қымбаттатуға жол бермеу керектігін айтты. Пандемия кезінде үнемі санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мәжбүр болған кәсіпкерлердің де жағдайы оңай емес екені белгілі. Алайда, сенаторлар оларды бизнестерін сақтап қалу үшін ғана емес, отандастарының өмірлері үшін де санитарлық талаптарды орындауға шақырды. Ал әкімдіктер әлеуметтік қашықтықтың сақталуын және індеттің таралуына жол бермейтін басқа да шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс.

Бұдан басқа Сенат депутаттары өңірдің кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Олар әлеуметтік маңызға ие, халықтың жағдайын жақсарту мақсатымен қабылданған заңдарға тоқталып өтті. Өз кезегінде кәсіподақ өкілдері түрлі сала бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, кейбір заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: