"Бизнес по-казахски". Карантиннің кесірінен кәсібі тоқтап, күнделікті табысынан қағылған халықты 83 мың теңге айыппұлмен қорқытқан шенділердің әрекеті жұрт арасында әлі талқыланып жатыр, деп хабарлайды zakon.kz еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ең төменгі жалақысы бізден 10 есе көп Еуропаның кей елдерінде айыппұл мөлшері 50 мың теңгенің ар жақ, бер жағы ғана екен. Сонда бұл біздегі талаптың тым қатал болуы ма, әлде халықтың қалтасын қағудың кезекті әдісі ме?
Кәсіпкер Рассул Абдуллаев күні кеше кеңсесіне СЭС мамандары баса-көктеп, бірнеше қызметкерінің бетпердесіз отырғанына шүйліккенін айтады. Мейлі, тәртіп бұзғандарын өздері-ақ мойындайды. Бірақ, көптің көңілін күпті еткен мәселе ол емес.
Рассул Абдуллаев, кәсіпкер:
"Сіздерге бір топ адам келеді де, видеоға түсіре бастайды. Бірақ негізі заң бойынша былай баса-көктеп кіруге болмайды. Одан кейін кей қызметкерлердің маскасыз отырғанын көрсе, айыппұл төлеудің бірнеше тетігін ұсынады. Әуелі 1,5 млн теңге дейді, кейін 500 АЕК-ке түсіреді, ол шамамен 1 млн теңге, кейін сізге осындай ұсыныс айтады: "біз сіздің тек 5 қызметкеріңізге 200 мың теңге айыппұл салайық" дейді. Әрине, көбі сол соңғы нұсқасына келіседі. Өйткені ешкім өз басына мәселе іздегісі келмейді. Алайда мен бұған келіспеймін. Бұл-әділетсіз! Бұл халықтың ақшасын жымқырудың тәсілі!".
Сөйтіп, кеңсеге есік теуіп кірген алматылық СЭС қызметінің өкілдері ары ойланып, бері ойлап, соңында айыппұлдың көлемін тағы қысқартыпты. 5 қызметкеріне 41 600 теңге ғана төлеуді міндеттепті.
"Буквально через минут 30 пришел штраф, который нам нужно оплатить. 42500 бы так оплачивали было бы супер".
Желіде Рассул сияқты ренішін жеткізген кәсіпкерлердің қарасында шек жоқ. Әлбетте, араларында карантин талаптарын өрескел бұзғандары да бар екені жасырын емес. Қызметін астыртын жалғастырған шаштараз да, мейрамхана да, сұлулық салондары да жетеді әлі. Елімізде осындайлардың 669-ы әшкере боп, әрқайсысы ірі көлемдегі айыппұл арқалады. Әрине, шектеу шаралары бәріне ортақ. Дегенмен, көптің ашуына тиіп жатқаны басқа.
"Маскасыз жүргендерге 83 мың теңге штраф. 83 мың теңге. 83 мың теңге. Ондай штраф болса ағайын, мен 42500 маска тағып жүрем ғой. Құрметті ағалар хотя бы 42500 емес, айына 83 мың теңге берсендерші. Ең болмаса да, штрафты жапсын да"
Иә, көшеде, қоғамдық орындарда маскасыз жүрген адамдарға 83 мың теңге айыппұл қарастырылған. Ал шетелде қалай? Мәселен, ең төменгі жалақысы 525 пен 820 мың теңге арасындағы Еуропа елдерінде, айыппұл мөлшері 50 мың теңгенің ар жақ, бер жағы. Көрші Ресейде минималды 70 мың жалақыға, маскасыз жүрген халыққа 28 750 теңге ғана айыппұл салынады. Ал біздегі жайды айтпасам да білесіздер.
Ыбрайым Бабаев, қоғам белсендісі:
"Еуропада болсын, Америкада болсын, оларда өркениеті дамыған. Өте мәдениетті, халқы заңды өте қатты сақтайды. Қатты тыйым салса, олар орындайды. Ал бізде халық сәл салғырт қарайды да. Оңтүстік өңірде болсын, басқа жерде болсын той жасап, бетпердесіз жүріп, кеше жаппай халқымыз қырылды. Енді 83 мың теңгені естіп еді, нәтижесі бар, заң аясында да қорқады".
Ескертуден қатаң шараға көшкен Алматыда 5 шілдеден бастап көшеде, қоғамдық орындарда бетпердесіз жүрген 1952 адамға 162 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Одан бөлек, заңсыз жұмысын жалғастырған 109 кәсіп иесіне де шара қолданылыпты. Бас қалада да осындай жағдай.
Айгүл Жұмағұлова, қалалық тауарлардың қызметі мен сапасын бақылау департаменті Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жұқпалы емес ауруларды бақылау бөлімінің басшысы:
"Нұр Сұлтан қаласының аудандық полиция басқармасынан біздің департаментке әкімшілік жаза қолдану үшін 668 құжат келіп түсті. Бүгінгі таңда соның 2214 жеке және заңды тұлғаларына айыппұл салынды. Мөлшері 46 млн теңге".
Айта кететін тағы бір жайт. Карантинге дейін "шағым түспесе, тексере алмаймыз" деп ат тонын ала қашатын СЭС мамандары қазір кез-келген жерге кез-келген уақытта рұқсат сұрамастан кіре алады. Дәрілек айтсам, арнайы құрылған мобильдік топтары осындай құзыретке ие болыпты. Сондықтан бетпердесіз ұсталдыңыз ба, күйдім дей беріңіз. Дегенмен, масканы айыппұлдан қорыққасын емес, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына алаңдағасын тағуды үйренуіміз керек сияқты.